Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының жанындағы
Құқық қорғау органдары
академиясы ректорының
2018 жылғы 6 қарашадағы
№ 80 бұйрығына 3 қосымша

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы
Құқық қорғау органдары академиясының
Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі — ВҒЗИ) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі — Академия) дербес құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. ВҒЗИ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) ұйымдық-өкімдік актілерін, Академия Жарғысы мен жұмыс регламентін, ректордың бұйрықтары мен өкімдерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. ВҒЗИ құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте ректор анықтайды.

4. ВҒЗИ мынадай құрылымнан тұрады:

1) Ғылыми зерттеулерді, нормашығармашылық қызметті ұйымдастыру және үйлестіру орталығы (бұдан әрі- 1-Орталық);

2) Қылмыстық саясат және жазаларды орындау проблемаларын зерттеу орталығы ( 2-Орталық);

3) Қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы проблемаларды зерттеу орталығы (3-Орталық);

4) Құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін зерттеу орталығы (4-Орталық).

2. ВҒЗИ негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

5. Міндеті:
Құқық қорғау қызметі саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізу.

Функциялары:

1) ВҒЗИ-дің ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіру және жоспарлау;

2) авторлық ұжымдарды қалыптастыру және ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің жұмыс жоспарларын әзірлеу;

3) құқық қорғау қызметі саласында ғылыми-зерттеу және өзге де талдамалық жұмыстарды орындау (қылмыстық саясат және жазаларды орындау проблемалары бойынша; қоғамдық мүдделерді қорғау саласында; құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша);

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында, Бас Прокурордың және Академия ректорының құқықтық актілерінде белгіленген тәртіпте құқық қолдану практикасы мен білім беру процесіндегі ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін апробациядан өткізу;

5) талдау материалдарын (талдаулар, шолулар, қорытулар, ұсынымдар және т. б.) дайындау арқылы құқық қорғау органдарының қызметін ғылыми қамтамасыз етуге қатысу;

6) отандық және шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен мекемелер өткізетін өңірлік, республикалық және халықаралық конференцияларды, ведомстволық және ведомствоаралық жиналыстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру және оларға қатысу;

7) ғылыми мақалаларды дайындау және жариялау, оның ішінде нөлдік емес импакт-факторы бар журналдарда;

8) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, Бас Прокурордың және Академия ректорының құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

6. Міндеті:
құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіру және мониторингілеу.

Функциялары:

1) ВҒЗИ-дің ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіру және жоспарлау;

2) зерттеудің өзекті тақырыптарын анықтау үшін құқық қолдану практикасының мониторингі;

3) Академияның Ғылыми-әдістемелік кеңесінің қызметін сүйемелдеу;

4) жүргізілетін ведомствоаралық ғылыми зерттеулер туралы деректерді қадағалау, жинау, қорыту, талдау, бағалау, тіркеу;

5) Академияның ғылыми-зерттеу қызметі мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

6) ведомствоаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тәсілдерін, әдіснамасын әзірлеу;

7) өзекті ғылыми-зерттеу жұмыстарының деректер банкін қалыптастыру, ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің есебін жүргізу;

8) құқық қорғау қызметі саласындағы құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу, олардың мониторингі;

9) Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінде, Бас Прокурордың және Академия ректорының құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

7. ВҒЗИ-дің құқықтары мен міндеттемелері:

1) ВҒЗИ қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына және Бас Прокурор мен Академия ректорының ұйымдық-өкімдік актілеріне сәйкес:

Бас прокуратура басшылығының, Академия ректорының, Академияның құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатысуымен өтетін кеңестерге, сондай-ақ Академия қызметіне қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда ұйымдастырылатын және өткізілетін кеңестерге қатысуға;

Академияның құрылымдық бөлімшелерінен жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіпте сұратуға және алуға;

Академияның қызметіне қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен мекемелерден заңнамада белгіленген тәртіпте ақпараттар мен материалдарды сұратуға және алуға;

Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, Академияның және басқа да прокуратура органдары мен мекемелерінің жұмысын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

Бас прокуратураның, басқа да құқық қорғау, мемлекеттік және сот органдарының ведомстволық басылымдарында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялауға;

белгіленген тәртіпте халықаралық және ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге және т.б. қатысуға;

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.

2) ВҒЗИ қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына және Бас Прокурор мен Академия ректорының ұйымдық-өкімдік актілеріне сәйкес:

берілген өкілеттіктер шегінде қызметті жүзеге асыруға;

ВҒЗИ-ға жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау кезінде заңнама талаптарын, Бас Прокурор мен Академия ректорының актілерін мүлтіксіз сақтауға;

құзыреті шегінде анықталған заң бұзушылықтарды жоюға және алдағы уақытта оларды болдырмау бойынша шаралар қабылдауға;

мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;

Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, Бас Прокурордың және Академия ректорының құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға міндетті.

8. ВҒЗИ орталықтарының құзыретін пәндік-аймақтық қағида бойынша бөлу лауазымдық (қызметтік) міндеттермен реттелген.

3. ВҒЗИ қызметін ұйымдастыру

9. ВҒЗИ оның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, Бас Прокурордың және Академия ректорының бұйрықтарына, өкімдеріне, нұсқауларына сәйкес қажетті өкілеттіктерге ие.

10. ВҒЗИ-ді проректор-директор басқарады, оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Бас Прокурор қызметке тағайындайды және лауазымнан босатады.

11. Проректор-директор ВҒЗИ қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және ВҒЗИ-ге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асырылуына дербес жауапты болады.

12. Проректор-директор Академия ректорына ВҒЗИ құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.

13. Осы мақсатта проректор-директор:

1) өз орынбасарының және ВҒЗИ орталық бастықтарының өкілеттіктерін анықтайды;

2) ВҒЗИ-дің жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді, ВҒЗИ-дің Бас прокуратураның, оның ведомстволары мен мекемелерінің, Академияның құрылымдық бөлімшелерімен, облыс және оларға теңестірілген прокуратуралармен, орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

3) ВҒЗИ құзыретіне жататын мәселелер бойынша Бас Прокурор мен Академия ректоры бұйрықтарының, нұсқауларының, өкімдерінің, тапсырмаларының, Бас прокуратураның, Академияның алқалы органдары шешімдерінің, Бас Прокурор мен ректор жанындағы аппараттық және жедел кеңестер шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және бақылауды қамтамасыз етеді;

4) ВҒЗИ жұмысы мәселелері бойынша жедел жиналыстар өткізеді, ВҒЗИ қызметкерлері арасында келіп түскен материалдар мен өтініштерді бөледі, оларға функционалдық міндеттеріне сәйкес тапсырмалар береді;

5) ВҒЗИ қызметкерлерін аттестаттау үшін материалдар дайындауды ұйымдастырады;

6) ВҒЗИ-де кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлерге тиісті еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді;

7) ВҒЗИ қызметкерлері мен жұмыскерлерін көтермелеу немесе оларға қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы ректорға ұсыныстар енгізеді;

8) ВҒЗИ қызметкерлерінің атқарушылық, қызметтік және еңбек тәртібін сақтауын қамтамасыз етеді;

9) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Бас Прокурордың және Академия ректорының бұйрықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14. ВҒЗИ директорының орынбасары:

1) өз өкілеттігі шегінде ВҒЗИ-дің, оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;

2) проректор-директор болмаған кезде ВҒЗИ қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және оған жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) проректор-директорға кадрларды іріктеу, ВҒЗИ қызметкерлері арасында міндеттерді бөлу, сыныптық шен беру, көтермелеу, тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді;

4) ВҒЗИ қызметкерлерін аттестаттау үшін материалдар дайындауды қамтамасыз етеді;

5) жетекшілік ететін бағытына қатысты мәселелер бойынша жедел кеңестер өткізеді, ВҒЗИ қызметкерлері арасында келіп түскен материалдар мен өтініштерді бөледі, оларға функционалдық міндеттеріне сәйкес тапсырмалар береді;

6) ВҒЗИ-дің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын жоспарлайды;

7) бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлердің Бас Прокурордың, Академия ректорының, проректор-директордың бұйрықтарын, нұсқауларын, өкімдерін, тапсырмаларын, Бас прокуратураның, Академияның алқалық органдарының шешімдерін, Бас Прокурор мен ректор жанындағы аппараттық және жедел кеңестердің шешімдерінің ВЗҒИ құзыретіне жататын мәселелер бойынша орындалуын қамтамасыз етеді және бақылайды;

8) жетекшілік ететін бағытының құзыреті шегінде қызметтік құжаттамаға қол қояды;

9) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Бас Прокурордың және Академия ректорының бұйрықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. ВҒЗИ атынан Академияның басқа құрылымдық бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға ВҒЗИ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Академия проректоры-институт директоры, ал болмаған жағдайда — оны алмастыратын тұлға қол қояды.

16. ВҒЗИ Академияның басқа құрылымдық бөлімшелері мен лауазымды тұлғаларынан ұйымдастырушылық және функционалдық жағынан тәуелсіз, тікелей ректорға бағынады.

17. ВҒЗИ-да жалпы іс жүргізу Прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелерінде құжаттандыру және құжаттарды басқару ережелеріне және құпиялық режимді қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдық-өкімдік актілерге сәйкес жүзеге асырылады.