Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№164 бұйрығына 1-қосымша
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академияның Ғылыми әдістемелік кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Ғылыми-әдістемелік кеңес (бұдан әрі-ҒӘК) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының бірыңғай ғылыми саясатын қалыптастыру мақсатында құрылған ведомствоаралық консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. ҒӘК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Құқық қорғау қызметі туралы», «Прокуратура туралы», «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі — Академия) Жарғысын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. ҒӘК Академия базасында жұмыс істейді, оның құрамына Ректор, Академия проректорлары, құқық қорғау органдарының аппарат және кадр қызметтерінің басшылары, мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері кіреді. ҒӘК құрамы құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен бекітіледі.
2. ҒӘК негізгі міндеттері
4. ҒӘК негізгі міндеттері:
1) Құқық қорғау органдарының ғылыми қызметінің сапасын, сондай-ақ құқық қорғау органдары ғылыми бөлімшелерінің Білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік органдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар заңнамада белгіленген тәртіппен өткізетін конкурстарға қатысуы жөніндегі қызметті үйлестіру;
2) құқық қолдану практикасын жетілдіру;
3) құқық қорғау органдарының ғылыми бөлімшелері, Академияның магистранттары мен докторанттары үшін өзекті зерттеу тақырыптарын айқындау;
4) ғылыми-зерттеу жұмысының жыл сайынғы және перспективалық жоспарларының жобаларын қарау;
5) Құқық қорғау органдарының ғылыми бөлімшелері, Академияның магистранттары мен докторанттары үшін зерттеу міндеттерін қою;
6) ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикалық, норма шығармашылық қызметке және оқу процесіне енгізудің тиімділігін талдау және бағалау.
3. ҒӘК функциялары
5. ҒӘК жүктелген міндеттерді орындау үшін:
1) Құқық қорғау қызметі саласындағы ғылыми зерттеулердің өзекті тақырыптарын, оның ішінде Академияның магистранттары мен докторанттарын, ғылыми зерттеулердің жоспарлары мен жұмыс бағдарламаларын айқындайды;
2) Құқық қорғау органдарының ғылыми даму бағдарламаларына ведомствоаралық ғылыми тұжырымдамаларды, ұсыныстарды қарайды және мақұлдайды;
3) құқық қорғау қызметінің басым бағыттарын іске асыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыттары бойынша ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;
4) Академияның ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарларын бекіту және іске асыру, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін құқық қорғау органдарының практикалық, норма шығармашылық қызметіне және оқу процесіне енгізу жөніндегі ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;
5) ғылыми зерттеулерді жетілдіру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы қаражатын тиімді пайдалану жөнінде ұсынымдар шығарады;
6) құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының, басқа да ғылыми ұйымдардың, оқу орындарының, сондай-ақ ғылыми жұртшылық өкілдері қатарынан ғылыми зерттеулер жүргізу үшін авторлық ұжымдар құрады;
7) құқық қорғау органдарының жедел-қызметтік жұмысында ғылыми зерттеулерді таратуды және пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді енгізудің тиімділігін талдайды;
8) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында озық ғылыми-әдістемелік тәжірибені таратуға жәрдемдеседі;
9) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары арасында ғылыми, әдістемелік әдебиеттермен және ақпараттық материалдармен өзара тиімді алмасуға жәрдемдеседі;
10) құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының басшыларымен келісу бойынша ғылыми зерттеулер нәтижелерін практикалық пайдалануды, олардың талап етілуін зерделеу үшін Академияның ғылыми қызметкерлерін қызметтік іссапарларға жіберу бойынша ұсынымдар шығарады;
11) басқа ғылыми ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі;
12) зерттеулер тақырыптары басшыларының және жекелеген ғылыми қызметкерлердің жүргізілген ғылыми қызмет нәтижелері туралы есептерін тыңдайды.
4. ҒӘК сайлау және жұмыс тәртібі
6. Академия ректоры ҒӘК төрағасы болып табылады. Төраға болмаған жағдайда, оның функцияларын оны алмастыратын адам орындайды.
7. ҒӘК отырыстарын оның төрағасы не міндетін атқарушы адам қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет шақырады.
8. ҒӘК шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.
9. ҒӘК төрағасы:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) ҒӘК жұмысын жоспарлайды және қабылданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды айқындайды;
3) қаралатын мәселелер бойынша отырыстардың күн тәртібін, қорытынды құжаттар мен ұсынымдарды бекітеді;
4) ҒӘК шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
5) ҒӘК мүшелерінің келісімі бойынша өзара қызығушылық тудыратын ғылыми зерттеулер жүргізу үшін авторлық ұжымдардың құрамын бекітеді;
6) Құқық қорғау органдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының ведомствоаралық бағдарламасын бекітеді;
7) жүргізілген ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы есептерді бекітеді;
8) ҒӘК-ге келісуге келіп түскен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған өтінімдерді, сондай-ақ жүргізілетін және аяқталған ғылыми зерттеулер бойынша басқа да материалдарды қарау үшін сарапшыларды тағайындайды.
10. ҒӘК жұмыс органы Хатшылық болып табылады.
11. ҒӘК хатшысы Академияның Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып табылады.
12. ҒӘК Хатшылығы мен секцияларының құрамы Академия қызметкерлерінен, құқық қорғау органдарының, Академия ректорының бұйрығымен тағайындалатын ведомстволық оқу орындарының өкілдерінен құрылады.
13. Хатшылық ҒӘК-нің тиісті жұмысын қамтамасыз етеді, атап айтқанда:
1) ҒӘК жұмыс жоспарын қалыптастырады;
2) ҒӘК мүшелерін отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;
3) отырыстың қарауына шығарылатын материалдарды дайындауды ұйымдастырады және бақылайды;
4) отырыс хаттамасын ресімдейді;
5) ҒӘК шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және бақылайды;
6) ҒӘК жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де тапсырмаларды орындайды;
7) Құқық қорғау органдарына, басқа да ғылыми ұйымдарға, оқу орындарына, ғылыми жұртшылық өкілдеріне сұрау салулар жібереді.
14. ҒӘК секциялары құқық қорғау органдарының ғылыми қызметінің басым бағыттары бойынша құрылады. Секциялар Хатшылық арқылы ҒӘК мүшелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
15. Секцияға жүктелген функцияларды орындау үшін:
1) ғылыми зерттеулердің өзекті тақырыптары, оның ішінде Академия магистранттары мен докторанттары бойынша, ғылыми зерттеулердің жоспарлары мен жұмыс бағдарламалары бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) ведомствоаралық ғылыми тұжырымдамалар әзірлейді, құқық қорғау органдарының ғылыми даму бағдарламаларына ұсыныстар енгізеді;
3) ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;
4) құқық қорғау органдарының ғылыми бөлімшелері, Академияның магистранттары мен докторанттары үшін зерттеу міндеттерін айқындайды;
5) ғылыми зерттеулер тақырыптарының жобаларын дайындауды жүзеге асырады;
6) ғылыми зерттеулер нәтижелерін енгізудің тиімділігін талдайды;
7) Құқық қорғау органдары арасында, сондай-ақ басқа да ғылыми ұйымдармен және жоғары оқу орындарымен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
8) құқық қорғау органдарының ведомствоаралық авторлық ұжымдарының жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді;
9) құқық қорғау органдары ғылыми қызметі сапасының мониторингін қамтамасыз етеді;
10) жүргізілген ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы есептерді төрағаның бекітуіне енгізеді;
11) ғылыми зерттеулерді жетілдіру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы қаражатын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды ҒӘК қарауына енгізеді;
12) ҒӘК Төрағасының ҒӘК жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де тапсырмаларын орындайды.
16. Секция отырыстары қашықтықтан өткізілуі мүмкін.
17. ҒӘК мүшесі құқылы:
1) талқыланатын мәселелердің мәні бойынша және күн тәртібі бойынша ұсыныстар, ескертулер мен түзетулер енгізуге;
2) ҒӘК отырыстарына материалдарды, сондай-ақ оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, ҒӘК шешімдерін іске асыруға қатысуға;
3) ҒӘК отырыстарының хаттамаларымен және материалдарымен танысуға;
4) кейіннен талқылау және ҒӘК мүшелерінің ықтимал қабылдауы үшін ұсыныстар, ескертулер, құжаттар мен шешімдердің жобаларын енгізу;
5) ҒӘК шешімімен келіспеген жағдайда өз пікірін жазбаша түрде баяндауға, ол ҒӘК отырысының хаттамасына енгізіледі және оған қатысты осы пікір айтылған шешімге қоса беріледі;
6) ҒӘК мүшелеріне берілген құқықтарды пайдалануға құқылы.