2015 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы» мемлекеттік мекемесі құрылды.

Академияға білім беру ұйымының ерекше статусы берілген, оның негізгі бағыттары:

  • Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервте тұрған қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру;
  • Құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу және оларды үйлестіру;
  • Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру.

Бүгінде «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға түзетулер енгізу арқылы Академия қызметінің мәселелері заңнамалық тұрғыдан реттелді.

Академия құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру сияқты өз қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асыруға, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдар басшылығының Президенттік резервте тұрған қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге кірісті.

Осы жұмыстың шеңберінде еліміздің құқық қорғау органдарының ведомствоаралық ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Академияның құрамында үш арнайы бағдарланған басқарамадан тұратын тиісті Институт қызмет етеді. Басқармалар әрбір құқық қорғау органының ерекшелігін ескере отырып құқық қолданудың өзекті проблемаларын кешенді шешуге бағытталған.

Академияның жанында консультативті-кеңес органы ретінде Ғылыми-әдістемелік кеңес (ҒӘК) құрылған. Оның құрамына барлық құқық қорғау органдарының уәкілетті өкілдері кіреді. ҒӘК ведомствоаралық зерттеу жұмыстарының тақырыптарын анықтап, олардың бекітілген күннен бастап практикалық қызметке енгізілгенге дейін әр кезеңдегі әзірлену барысын бақылауда ұстайды.

Еліміздің құқық қорғау жүйесінің ғылыми-білім беруші мекемелерінің арасында алғаш рет ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің кешенді аккредитациясынан өтіп, 2015 ж. 2 қарашадағы № 004639 тиісті Куәлігін алды.

Академияның аккредитациясы ғылыми әлеуеттің сандық және сапалық көрсеткіштері (ғылыми дәрежелері бар қызметкерлер, талдау, бақылаудың сертификатталған немесе аттестаттаудан өткен әдістері), ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет (мемлекеттік, салалық және мақсатты бағдарламаларға сәйкес) сияқты талаптардың рейтингтік анализінің жоғарғы нәтижелері негізінде өткізілді.

Аккредитациядан өту Академияға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен өткізілетін ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет байқауларына қатысуға мүмкіндік береді.

Қызметке алғаш түсіп жатқан және құқық қорғау органдарында қызмет етіп жатқан азаматтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарының Президенттік резервте тұрған басшыларын кәсіби даярлау және қайта даярлауды реттейтін құжаттар (Ережелер, оқу жоспарлары) әзірленді.

Лицензия

Аккредиттеу туралы куәлік

Ғылыми-білім беру қызметі сапасын ішкі қамтамасыз ету саласындағы саясат