«Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама, бес институционалдық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен өзге де тұжырымдамалық құжаттарды тиімді іске асыру озық халықаралық тәжірибені жүйелі зерделеуге, сондай-ақ шет елдердің жетекші оқу және білім орталықтарымен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттілігі әлемдік білім кеңістігінің жаһандануы негізінде туындап отыр, осы тұрғыда стандарттарды үйлестіру, ғылым мен білім саласында инновациялық технологияларды қолдануда жұмыс тәжірибесімен алмасу кадрларды даярлау жүйесінің одан әрі дамуына итермелейтін маңызды күш бола алады.

Академияның институционалдық дамуы аясында шетелдің ғылыми және білім беру мекемелерінің үздік әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша жұмыс және олармен өзара іс-қимылды реттеу жалғасуда.

Осы орайда Академия Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының Академиясы, ILEA Халықаралық құқық қорғау органдарының академиясы, Түркияның Әділет академиясы сияқты шетелдің беделді ғылыми және білім беру мекемелерімен, сондай-ақ Германия, Ұлыбритания, Израиль, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің мамандандырылған жоғары оқу орындарымен белсенді өзара іс-қимыл жасауда.

Академия келесі халықаралық ұйымдар және қаржы институттары: Дүниежүзілік Банк, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламаларының Кеңсесі, ЮНИСЕФ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Балалар Қоры, озық елдердің Елшіліктері және дипломатиялық миссияларымен ынтымақтастықты дамытуда.

Прокуратура мен Академияның өкілдері халықаралық ғылыми-практикалық конфренциялар, дөңгелек үстелдер, заңдылықты сақтаудың өңірлік қауіпсіздігін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етудің әртүрлі өзекті мәселелері бойынша білім беру семинарлары мен тренингтер жұмысына белсенді қатысып келеді.

Академия бастамасымен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен терроризм, қарудың заңсыз айналымы, қаржы, есірткі, киберқылмыстар сияқты жаһандық қауіптерге қарсы Өңірлік хаб құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Хабтың негізгі мақсаты Орталық Азия өңірінің құқық қорғау органдары құрылымдарының өзара іс-қимылы деңгейін арттыру, жаңа қауіптер мен қылмыстық қатерлерге, әсіресе оның трансұлттық ұйымдасқан түрлеріне әрекет етудің сәйкес және тиімді шараларын әзірлеу, жұмыс тәжірибесімен алмасу, Академия алаңында білім берудің халықаралық жобаларын іске асыру болып табылады.

Халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, жетекші университеттердің беделді ғалымдарымен бірқатар кездесулер өткізілді.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін Үндістанда оқыту курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың 2016 жылы Түркия, Германия және Израильде ғылыми тағылымдамадан өтуі туралы келісімге қол жеткізілді.