Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2015 жылғы 13 тамыздағы
№ 101 бұйрығымен бекітілген

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға қабылдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қоғау органдарының академиясына оқуға қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына (бұдан әрі – Академия) магистратура мен докторантураға оқуға түсуге үміткерлерді қабылдау тәртібін анықтайды.

1-1. Магистратурада және докторантурада кадрларды даярлау күндізгі оқыту нысаны бойынша жүзеге асырылады. Білім алушылардың санатына байланысты қашықтықтан оқыту технологиясын қолдана отырып, оқытуға жол беріледі.

2. Академияның магистранттары мен докторанттарының контингентін қалыптастыру:

1) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру;

2) қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып оқыту үшін, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітетін қабылдау жоспары арқылы жүзеге асырылады.

3. Академияның магистратурасына және докторантурасына үміткерлерді қабылдау оқуға түсу емтихандарының нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.

4. Магистратураға және докторантураға түсушілердің құжаттарын қабылдау жыл сайын 3-25 шілде аралығында жүргізіледі.

5. Академияның магистратурасына және докторантурасына түсу емтихандары 10-20 тамыз аралығында, оқуға қабылдау – 25 тамызға дейін жүргізіледі.

6. Құжаттарды және түсу емтихандарын қабылдау мерзімдері Академия ректорының шешімі бойынша ұзартылуы немесе ауыстырылуы мүмкін.

2-тарау. Магистратураға және докторантураға қабылдау тәртібі

7. Академияның магистратурасына жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларын меңгерген, құқық қорғау қызметінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар құқық қорғау органдарының қызметкерлері қабылданады.

8. Академияның докторантурасына құқық қорғау қызметінде кемінде бес жыл өтілі бар, ғылыми және педагогикалық бағыттағы магистратураны бітірген немесе бейіндік бағыттағы магистратураны бітірген және педагогикалық бейіндегі бағдарламаларды қосымша игерген жағдайда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қабылданады.

9. Академияның магистратурасы мен докторантурасына құжаттарды қабылдауды және оқуға түсу емтихандарын өткізуді ұйымдастыру үшін Академия ректорының бұйрығымен бекітілетін қабылдау комиссиясы құрылады.

10. Қабылдау комиссияның құрамы төрағадан, хатшыдан және комиссияның кемінде үш мүшесінен құрылады.

Қабылдау комиссиясының төрағасы болып Академияның қызметкері тағайындалады.

11. Қабылдау комиисиясы:

1) осы Қағидалардың 14, 15-тармақтарында көрсетілген оқуға кандидаттардың ұсынған құжаттарын қарауды жүзеге асырады және оқуға үміткерлердің қабылдау шарттарына сәйкестігін анықтайды.

Нұқсан келтіретін мәліметтер болған жағдайда (тәртіптік жауаптылыққа тарту, сот тәртібімен әкімшілік жауапкершілікке тарту, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзу, құқық қорғау қызметінің беделін түсіретін теріс қылықтар жасау, жүргізілетін қызметтік тергеу және т.б.) қабылдау комиссиясы оқуға түсуге үміткерлерге құжаттарды қараусыз қайтарады.

Біруақытта құқық қорғау органының басшысына оқуға түсуге үміткерлерді іріктеу бойынша сапасыз жүргізілген жұмыс туралы көрсетіле отырып, хат жіберіледі.

2) оқуға қабылдау мәселелері бойынша шағымдар мен арыздарды қарастырады;

3) оқуға түсуге үміткерлердің тізімін жасайды;

4) емтихандық комиссия жұмысының нәтижелерін ескере отырып, Академияның магистратурасы мен докторантурасына қабылдау туралы мәселені қарастырады;

5) оқуға үміткерлерді қабылдау нәтижелерін талдайды және жұмысты бұдан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинақтайды.

12. Қабылдау комиссиясының жұмысы жұмыс жоспарына сәйкес іске асырылады. Қабылдау комиссиясының отырыстары қажеттілікке байланысты жүргізіледі.

13. Қабылдау комиссиясының шешімдері еркін нысандағы хаттамамен рәсімделеді және бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған жағдайда дауыстың қарапайым көпшілігімен қабылданады.

14. Академияның магистратурасына оқуға түсетін үміткерлер қабылдау комиссиясына мынадай құжаттарды жолдайды:

1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Академия ректорының атына баянат;

2) жоғары білімі туралы құжат пен оның қосымшасының көшірмесі;

3) осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген бағдарламалар бойынша шет тілінен тест тапсырғаны туралы сертификатының (ол болған жағдайда) көшірмесі;

4) осы Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша, аумақтық немесе орталық құқық қорғау органының жолдамасы;

5) ішкі (өзіндік) қауіпсіздік қызметінің нұқсан келтіретін мәліметтердің болуы не болмауы туралы қорытындысы (сот тәртібімен тәртіптік, әкімшілік жауаптылыққа тарту, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзу, құқық қорғау қызметіне кір келтіретін теріс қылықтар жасау, сондай-ақ жүргізіліп жатқан қызметтік тергеулер);

6) 3х4 сантиметр мөлшеріндегі алты фотосурет;

7) жеке басты куәландыратын құжат көшірмесі;

8) ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстарының тізімі (олар болған жағдайда);

9) ғылыми конференциялар мен конкурстарға қатысқаны үшін грамоталар немесе дипломдар (олар болған жағдайда);

10) соңғы қызмет кезеңі бойынша аттестациялық парақ;

11) тиісті құқық қорғау органының тікелей басшысы қол қойған соңғы қызмет орнынан мінездеме;

12) кадр қызметі берген құқық қорғау қызметіндегі өтілі туралы анықтама;

13) «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының № 907 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген нысанға сәйкес 086-У медициналық анықтама;

14) соңғы арнаулы атақ, сыныптық шен немесе біліктілік сыныбын беру туралы бұйрықтардан үзінді көшірме;

15) кадрларды тіркеу бойынша жеке парақ;

16) шет тілі бойынша тестілеуден өту үшін төлемақы түбіртегінің түпнұсқасы.

15. Академияның докторантурасына оқуға түсетін үміткерлер қабылдау комиссиясына:

1) осы Қағидалардың 14-тармағының 1), 3) – 16) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды;

2) жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімі туралы құжаттардың көшірмесін;

3) педагогикалық бейіндегі бағдарламаларды игергені туралы негізгі дипломға куәліктің көшірмесін (бейінді бағыт бойынша магистратураны бітірген қызметкерлер үшін);

4) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша болжанатын отандық немесе шетелдік ғылыми кеңесшімен келісіліп жоспарланатын диссертациялық зерттеудің негіздемесін ұсынады.

16. Қабылдау комиссиясының хатшысы үміткерге құжаттарды қабылдағаны туралы осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес нысанда қолхат береді.

17. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау осы Ереженің 14, 15- тармақтарына сәйкес болған жағдайда іске асырылады.

3-тарау. Түсу емтихандарын өткізу тәртібі

18. Магистратураға және докторантураға түсу емтихандарын өткізу кезеңінде Академияда емтихан комиссиясы құрылады.

19. Емтихан комиссиясы магистратураның және докторантураның тиісті білім беру бағдарламалары бойынша емтихан өткізу үшін құрылады және комиссия төрағасынан, хатшыдан және комиссияның кемінде үш мүшесінен тұрады, олардың екеуі заң ғылымы докторларынан немесе ғылым кандидаттарынан немесе (PhD) философия докторларынан тағайындалады. Емтихан комиссияларының құрамы Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.

20. Академияға магистратураға және докторантураға түсетін үміткерлер келесі түсу емтихандарын тапсырады:

1) шетел тілінен (таңдауы бойынша ағылшын, неміс, француз тілі).

2) мамандығы бойынша.

Мамандығы бойынша емтиханға шетел тілінен кемінде 30 балл алған үміткерлер жіберіледі.

21. Магистратураға түсу емтихандарының бағдарламалары жоғары білім пәндері бойынша үлгілік білім беру бағдарламалары негізінде жасалады.

Докторантураға түсу емтихандарының бағдарламалары магистратураның кәсіби оқу бағдарламалары негізінде жасалады.

22. Шетел тілдерін Жалпыевропалық құзіреттілікке (стандарттарға) сәйкес меңгерген, шет тілдерді меңгергендігін куәландыратын халықаралық сертификаттары бар оқуға түсетін үміткерлер магистратураға және докторантураға шетел тілі бойынша мынадай емтихандардан босатылады:

Ағылшын тілі: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (TOEFL ITP – кемінде 337 балл), Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (TOEFL IBT, шекті балл – кемінде 60), (TOEFL, шекті балл — кемінде 500 балл), International English Language Tests System (IELTS, шекті балл – кемінде 5.0);

Неміс тілі: Deutsche Sprachprufung fur den Hochschulzugang (DSH, Niveau В2/В2 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau В2/В2 деңгейі);

Француз тілі: Test de Francais International™ (TFI – оқу және тыңдалым секциялары бойынша B1 деңгейден төмен емес), Diplome d’Etudes en Langue francaisе (DELF, В1 деңгейі), Diplome Approfondi de Langue francaisе (DALF, С1 деңгейі), Тest de connaissance du francais (TCF – кемінде 300 балл).

23. Шет тiлдерi бойынша түсу емтихандары Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнің Ұлттық тестiлеу орталығы әзірлеген технология бойынша жүргізіледі.

24. Магистратураға, докторантураға түсушілер үшін білім беру бағдарламалары бойынша емтихан білім берудің алдыңғы деңгейлеріндегі білім беру бағдарламалары көлемінде өткізіледі. Түсу емтиханының өткізу нысанын, сондай-ақ білім беру бағдарламалары бойынша пәндер тізбесін Академия дербес анықтайды.

24-1. Түсу емтихандарының нәтижелері оларды өткізген күні хабарланады.

25. Түсу емтихандарын қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.

26. Магистратураға және докторантураға түсу емтихандарын жүргізу кезінде бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және даулы мәселелерді шешу мақсатында төрағадан және кем дегенде комиссияның екі мүшесінен тұратын апелляциялық комиссия құрылады.

Апелляциялық комиссияның құрамы Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.

Апелляциялық комиссия магистратураға, докторантураға оқуға түсетін үміткерлердің, емтихан материалдарының мазмұнымен, сонымен қатар техникалық себептерге байланысты түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспейтін арыздарды қабылдайды және қарайды.

27. Магистратураға немесе докторантураға оқуға түсетін үміткер апелляциялық комиссия төрағасының атына түсу емтиханының нәтижелерi жарияланғаннан кейiнгі келесi күнгi сағат 13:00-ге дейiн апелляцияға өтiнiш береді және апелляциялық комиссия өтiнiшті берген күннен бастап бiр күн iшiнде қарастырады.

27-1. Апелляциялық комиссия әр тұлғамен жеке тәртіппен жұмыс істейді. Тұлға апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда, оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.

28. Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төраға және барлық комиссия мүшелері қол қойған еркін нысандағы хаттамамен ресімделеді.

29. Емтихан және апелляция комиссияларының хаттамалары отырыс өткізілген кезден бір жұмыс күні ішінде Академияның қабылдау комиссиясына беріледі.

4-тарау. Магистратураға және докторантураға қабылдау тәртібі

30. Магистратураға, докторантураға оқуға жоғары оқу орнынан кейінгі кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары бойынша емтихан нәтижесі бойынша шекті балл (осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес бағалаудың 100 балдық шкаласы бойынша) жинаған үміткерлер қабылданады. Шекті балл жыл сайын Академияның Ғылыми кеңесінің шешімімен белгіленеді.

31. Балл жиынтығы тең болған жағдайда құқық қорғау қызметінде жұмыс өтілі жоғары үміткерлер басым құқыққа ие болады. Одан кейін таңдап алынған бейініне сәйкес келетін ғылыми жетістіктері есепке алынады: ғылыми жарияланымдары, оның ішінде рейтингісі жоғары ғылыми басылымдардағы; ғылыми зерттемелері туралы куәліктер; ғылыми стипендиялар, гранттар берілгендігі туралы сертификаттар; ғылыми конференцияларға және конкурстарға қатысқаны үшін берілген грамоталар немесе дипломдар.

32. Қабылдау комиссиясының хаттамасы негізінде Академия ректоры магистратураға және докторантураға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

33. Академияға қабылдау туралы бұйрық шыққаннан кейін магистратураға, докторантураға қабылданған қызметкерлермен Келісімшарт жасасады.

Келісімшарт осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады және оған Академия ректоры, магистратураға немесе докторантураға оқуға қабылданған қызметкер, қызметкерді оқуға жіберген орталық немесе аумақтық құқық қорғау органдарының басшылары қол қояды.

34. Қабылдау комиссиясы жұмысын аяқтаған соң Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына қабылдау нәтижелері бойынша қорытынды есепті, сонымен қатар Академияның магистратурасына және докторантурасына қабылдау туралы бұйрықтардың көшiрмелерiн жолдайды.

35. Осы Ережеде реттелмеген мәселелерді қабылдау комиссиясы Қазақстан Республикасының Заңдарында белгіленген тәртіпте шешеді.

Қосымша