Азаптауларды тергеу және құжаттау тиімділігін арттыру үшін

Құқық қорғау органдары академиясы Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өкілдігімен бірлесіп  18 және 19 тамыз аралығында «Стамбул хаттамасына сәйкес азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынасты тиімді тергеу және құжаттандыру» тақырыбында онлайн-семинар өткізді.

Тренинг прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро, сот-медициналық сараптама қызметкерлері, сондай-ақ Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының адвокаттары үшін ұйымдастырылды.

Оқу іс-шарасын аша отырып, Академия проректоры Маралбек Ешімов және Қор өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутова осы санаттағы қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту тұрғысында оны жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Сөз сөйлегендер атап өткендей, азаптауды қолдану проблемасы өзінің өткірлігін жоғалтпайды. Мұндай фактілерді тиімді анықтау және тергеу көбінесе қызметкерлердің біліктілігі мен жедел-тергеу тәжірибесіне байланысты.

Тренинг барысында азаптауларды құжаттау, адамдарды қатыгездікпен қарау фактілерін анықтау кезінде маңызды және шұғыл рәсімдерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Семинарға қатысушылар азаптаудан бостандық құқығын қорғаудың халықаралық-құқықтық стандарттарымен, азаптауларды тергеу ерекшеліктерімен, іздерді құжаттаумен, медициналық деректерді интерпретациялаумен танысты. Фактілерді анықтау мен құжаттаудың қажетті дағдыларын игеру үшін азаптау құрбандарына сауалнама жүргізу және кейстік міндеттерді шешу тәжірибесі қолданылды.

Азаптауға қарсы тұру проблемасына арналған Академия мен Ф. Эберт қорының бірлескен білім беру шаралары еліміздің басқа аймақтарында да өтті.

Жұмыс қорытындысы бойынша семинарға қатысушыларға сертификаттар берілді.