Жеке өмірді қорғаудың маңызды аспектілері туралы

Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты «Жеке өмірге қол сұғылмаушылық» монографиясын дайындады.

Авторлар атап өткендей, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы – Конституциямен кепілдік берілген іргелі құқықтардың бірі. Сонымен қатар, оны іске асыру әртүрлі дауларды тудырады, құқық қолдану тәжірибесінде осы құқықтың мазмұнын түсіндіруде қиындықтар туындайды. Бұл, ең алдымен, «жеке өмір» терминінің көп аспектілігімен байланысты.

Қазақстанның заң ғылымында бұл ұғымның жалпы қабылданған және бірыңғай анықтамасы жоқ. Бұл олқылықты, оның ішінде заңнамалық ұйғарым беру жолымен толықтыру қажеттілігіне Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы жолдауларында бірнеше рет көрсетілген.

Жүргізілген зерттеу аясында үлкен және тынымсыз жұмыс жүргізілді. 120-дан астам қазақстандық және халықаралық құқықтық актілер зерделенді, оларға кешенді талдау жасалды. Соңғы жеті жылда аталған санаттағы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша құқық қолдану тәжірибесі талданды.

Осының барлығы ғалымдарға ғылыми әдістерге сүйенетін, ұлттық заңнама нормаларын ескеретін, жалпыға танылған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және құқық қолдану қызметінде қолданылуы мүмкін «жеке өмірге қол сұғылмаушылық» құқықтық ұғымының оңтайлы анықтамасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Кітапты құқық қорғау органдары Академиясынан алуға болады. Монографияның электрондық форматтағы мазмұны осы сілтеме бойынша қолжетімді.