Португалияның Ұлттық сот төрелігі мектебінің Директорымен кездесу туралы баспасөз ақпараты

Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакировтың Португалияның Ұлттық сот төрелігі мектебінің директоры Жуао Мануэл Да Силва Мигелмен жұмыс бабындағы кездесуі өтті.

Кездесу барысында екі жақтың мүддесін қамтитын мәселелер бойынша сөз қозғалып, өзара пікір алмасу болды. Соның ішінде тараптар заңгер кадрларды кәсіби даярлауға қатысты аспектілерді талқылады.

Шетелден келген қонақ осы саладағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті, Ұлттық сот төрелігі мектебі қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Ж.Мигел атап өткендей, сот төрелігі мектебі аймақтағы ең беделді білім беру және зерттеу орталықтарының бірі ретінде танылған және халықаралық білім беруші ұйымдардың мүшесі. Мұнда көптеген елдерден келген тыңдаушылар білім алады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі білім беру мекемесінің арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға ниет білдірді. Қатысушылардың пікірінше, келісімге қол қою білім беру саласындағы ұзақ мерзімді серіктестікке қосымша серпін беретін болады.

Н.Ахметзакиров атап өткендей, озық халықаралық ұйымдармен құқықтық ынтымақтастықты белсенді ұлғайту Академияның әлемдік ғылыми-білім беруші кеңістікке енуіне жақсы жәрдем беріп отыр. Мұндай өзара әрекеттестік ғылым мен білімді дамыту саласында өзекті мәселелерді бірігіп шешуге, заңгер кадрларды даярлауда тәжірибе алмасуға, фундаменталды және қолданбалы сипаттағы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.