Президенттік резервті оқытудың кезекті курстарының аяқталуы туралы

Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында кадрлардың Президенттік резервінде тұрған құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін кезекті оқыту курстары аяқталды.

Оқудан прокуратура, ішкі істер органдары, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерлері өтті. Өткізілген тренингтің басты мақсаты – жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалу үшін қажетті кәсібилікті, көшбасшылық қасиеттерді және басқару құзыреттілігін жетілдіру.

Тыңдаушыларды курстардың аяқталуымен құтықтай отырып, Академияның бірінші проректоры міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров Мемлекет басшысы алға қойған құқық қорғау органдарының кәсіби негізін нығайту міндетін іске асыру тұрғысынан оқыту іс-шарасының маңыздылығын атап өтті.

«Оны жүзеге асыру үшін Академия Президенттік резервте тұрған кадрларды даярлаудың жаңа жүйесін әзірледі. Бүгінде жаңа білім беру технологиясы бойынша оқудан 45 резервист өтті, олар алған білімдерін практикада сәтті пайдалануда.

Күш құрылымдары жұмысының ерекшелігі оқытудың қазіргі заман талаптарына бейімделуін талап етуде. Сондықтан тыңдаушылар тек теориялық білімдерді алып қана қоймай, негізгі практикалық жұмыс дағдыларын меңгерді. Әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына байланысты және заманауи талаптарға сәйкес қалыптан тыс жағдайларға жауап беруге және дұрыс шешімдерді қабылдауға қабілетті болу керек», – деп атап өтті.

Тренингтер мен шеберлік сыныптарын үздік отандық және шетелдік сарапшылар, танымал ғалымдар мен практиктер, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары өткізіп жатыр. Оқытуды ұйымдастыруға Еуропалық Одақтың «Қазақстандағы сот төрелігін жетілдіру» жобасының өкілдері, еліміздің жетекші ғылыми білім беру мекемелері белсенді атсалысты.

Сарапшы Светлана Абельсеитованың айтуынша, оқыту кезінде басты назар жедел басқару, стратегиялық жоспарлау, қалыптан тыс жағдайларды шешудің заманауи технологияларын практикалық қолдану мәселелеріне аударылды.

Тыңдаушылардың пікірінше, курстардың қажеттілігі сөзсіз. Мысалы, Алматы облысы прокурорының орынбасары Қайрат Әбдіханов толыққанды кәсіби бейімделуден өту, түрлі жағдайларда жылдам әрі сәйкес басқарушылық шешімдерді қабылдауды үйрену мүмкіндігі болғаны оқытудың ең құнды әрі маңызды нәтижесі екенін айтты.

Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Мекебаев менеджмент, психология, шешендік шеберлік негіздерін меңгеруге арналған сабақатар танымдық түрғыда қызықты болғанын айтты. Шығыс Қазақстан облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары Қайрат Нұрғалиев тренингтің мазмұндылығын, оның заманауи басшыға қажетті басқарушылық функцияларды дамытуға, практикалық білім мен дағдыларды үйретуге бағытталғанын атап өтті.

Оқыту қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар мен төсбелгілер табысталды, өзін ерекше көрсеткен тыңдаушылар мен сарапшылар марапатталды.