Терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік тренинг туралы

Бүгін Жаһандық қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб құру аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның құқық қорғау және уәкілетті органдарының қызметкерлері үшін терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік тренинг өз жұмысын бастады.

Үш күндік тренинг терроризмге қарсы іс-қимыл, террористердің психологиясын, сондай-ақ террористермен келіссөз жүргізу процесінің ерекшеліктерін зерттеудің өзекті проблемаларына арналған. Сарапшылар ретінде жетекші шетелдік және қазақстандық мамандар қатысып отыр.

Тренингті Құқық қорғау органдарының академиясы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің қолдауымен және ұйымдастырып отыр.

Курстарды Академияның бірінші проректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров ашты. Сонымен қатар жиналғандар алдында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің өкілдері сөз сөйледі.

Н.Ахметзакиров өткізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығына тоқталып, терроризммен күрес бойынша уәкілетті органдардың тығыз өзара іс-қимылы мен жүйелі жұмысының қажеттілігін атап өтті. «Осы жаһандық қауіпке қарсы тиімді іс-қимылдың маңызды шарты профилактикалық және құқықтық шаралардың қалыпқа келтірілген жүйесі болып отыр. Бұл міндет террорист психологиясының ерекшеліктерін мақсатты зерттеуді, сондай-ақ түрлі мемлекеттерің күш құрылымдары арасында осы саладағы өзекті ақпаратпен үнемі алмасып отыруды талап етеді. Бұл үшін ұлттық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, терроризмге қарсы іс-қимыл әдістері туралы білім мен дағдылар таралатын тұрақты алаң қажет», – деді ол.

Жаһандық қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб осындай диалогтық алаңға айналуы қажет. Хаб Құқық қорғау органдары академиясының базасында құрылып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің жедел қызметтерінің мамандарын даярлау жөніндегі халықаралық зерттеу және білім беру орталығы болады.

Осылайша Академия жаһандық қауіптерге қарсы күресте ғылыми-білім беру саласының тиімді қолданылуына өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр. Халықаралық сарапшылар қауымдастығының әлеуеті заманауи қауіптердің алдын алу және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ стратегиясын әзірлеудің тиімді құралына айналатын болады.