Н. Ахметзакировтың Мәскеуге сапары туралы

Ресейлік әріптестердің шақыруы бойынша Құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров Ресей Федерациясы Бас прокуратурасы академиясының құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Академия ұжымын айтулы күнмен құттықтай отырып, Н.Ахметзакиров: «Өткен он жылда Бас прокуратураның академиясы Ресейдің білім беру кеңістігінде өзін жоғары дәрежеде көрсетті, мемлекеттің ішінде және одан тыс жерлерде үлкен абыройға ие ең беделді жоғары оқу орны атағын иеленді. Бұл оқу орны қадағалау органдарының кадрлық әлеуетін даярлау, жаңа заманның кәсіби мамандарын тәрбиелеу бойынша міндеттерді сәтті іске асыруда»,- деп атап өтті.

Ол казақстандық және ресейлік прокурорлардың стратегиялық серіктестігінің маңыздылығын, оқу орындары арасында орнаған сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейде екенін ерекше атап өтті.

Бүгінде екі академияның Ынтымақтастық туралы келісімінің аясында нәтижелі кәсіби байланыс орнатылды, бірлескен білім беру жобалары жүзеге асырылуда, ортақ ақпараттық-коммуникациялық орта дамып жатыр. Теориялық және практикалық маңызы бар прокурорлық тәжірибенің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Ресейлік әріптестер мамандарды даярлау, ғылыми және педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, ғылыми тағылымдамалар мен оқыту тренингтерін ұйымдастыру мәселелерінде белсенді қатысып, қолдау көрсетіп жатыр. Осылайша ресейлік Академияның қабырғасында магистратура бағдарламалары, диссертациялық зерттеу жұмыстарын даярлау бойынша қазақстандық прокурорларды оқыту мәселесі жолға қойылды.

Қазақстандық Академия ұйымдастырған құқық қорғау органдары саласындағы жоғары оқу орындарына арналған ең үздік басылымды анықтайтын халықаралық байқау шеңберінде Ресей Федерациясы Бас прокуратурасы Академиясының ғалымдар тобы әзірлеген оқу құралдары бірнеше номинацияда жеңімпаз ретінде анықталды.

Заңгерлік салт-дәстүрлер мен озық тәжірибені түсіну және өз қызметінде пайдалану қай уақытта да өзекті болып қала бермек. Бұған ең алдымен еліміздің тарихи және мәдени жағынан жақындығы, орын алып жатқан қоғамдық-саяси және интеграциялық процестер себеп болып отыр, – деп атап өтті ректордың міндетін атқарушы.

Н.Ахметзакиров ресейлік әріптестеріне ынтымақтастық үшін ризашылығын және өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін білдірді, прокурорлық корпустың лайықты легін әзірлеу бойынша міндеттерді сәтті іске асыруды тіледі.