Ғаламтор мен электронды төлем құралдары қарқынды дамуда. Нарықта осы құралдарға ақшаны тиімді инвестициялаймыз деген сияқты көптеген ұсыныстар бар. Алайда оны қалай дұрыс жасау керектігін барлығы бірдей біле бермейді.
Оны алаяқтар өз мақсаттарына пайдалануда. Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде?
Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек.
Екіншіден, олар шет елде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шет елге шығарылады.
Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз.
Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп үнемі ынталандырып отырады.
Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызыметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді (ӘҚБ Кодексі 150-бап және ҚР ҚК 217-бап).
Егер сіз алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, полицияға немесе экономикалық тергеу қызметіне жүгінуіңіз керек.
Жақында БАҚ-та «Questra Holdings Inc.» компаниясы туралы мақала жарияланды. Ол туралы Парламент депутаттары да айтты.
Бұл туралы келесі жұмыстар атқарылды.
Бірінші. Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органы осы жылдың 15 наурызынан «Questra Holdings Inc.» қатысты қылмыстық іс бастады.
Екінші. ІІМ-не бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді.
Үшінші. Ұлттық Банкпен, ІІМ-мен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз.Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз. Күмән туған жағдайда, ақшаны салмас бұрын құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.