Алғашқы ғылыми диссертациялар қорғалды

Бүгін Құқық қорғау органдары академиясының Диссертациялық кеңесінің отырысында алғашқы екі ғылыми диссертацияны «Заң» мамандығы бойынша білім алушы түлектер қорғады.

Диссертациялық кеңестің төрағасы Ернар Бегалиев өзінің алғысөзінде әріптестерін осы іс-шарамен құттықтап, Академия ғалымдарының заң ғылымдарының дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Кеңес жұмысына жетекші ғалымдар, заң ғылымдарының докторлары: Б.Ельцин атындағы Қырғыз – Ресей Славян университетінің кафедра профессоры Гүлипа Бидильдаева, ҚР Жоғарғы Соты жанындғы Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров, Конституциялық кеңестің мүшесі Әлібек Темірбеков қатысты.

Қорғауға докторанттар Жанат Мамытова («Проблемы имплементации антикоррупционных конвенций в уголовное законодательство Республики Казахстан») мен Жания Құмарбекқызының («Сыбайлас жемқорлық және экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар үшін тағайындалатын айыппұл мен мүлікті тәркілеу түріндегі жазалар») жұмыстары ұсынылды.

Сондай-ақ докторанттардың ғылыми жетекшілері, ресми оппоненттері, кеңес мүшелері өз пікірлерін ортаға салды.

Диссертацияларды қорғау нәтижелері бойынша кеңес Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне ізденушілерге философия ғылымдарының докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беру туралы өтініш беру шешімін қабылдады.