Академияның алғашқы магистрлері

Бүгін Құқық қорғау органдарының академиясы магистратура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған өзінің алғашқы 26 түлегін марапаттады.

Оларды құттықтау үшін іс-шара өткізілген Назарбаев университетіне көптеген қонақтар – құқық қорғау органдарының басшылары, ұстаздар, ғалымдар мен ата-аналар келді.

Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Қанат Сейдғаппаров және мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы профессор Ербол Абайдельдинов түлектерге өздерінің ақ тілектерін айтты.

«Бұл Академия үшін, Бас прокуратура үшін және ең алдымен — сіздер үшін маңызды оқиға. Академияның құрылған жылы алғаш болып оқуға түстіңіздер, сондықтан сіздерді осы ведомстволық оқу орнының пионерлері деп атауға болады. Осы жерде алған білім-дағдыларыңыз алдағы өмірде және еңбек жолдарыңызда көмектесетініне сенемін. Біз сіздерге үлкен үміт артып отырмыз», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Академия басшысы Наиль Ахметзакиров түлектерді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын құттықтай отырып, Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту, жаңа заманның кәсіби мамандарын тәрбиелеу бойынша қойған міндеттерді іске асыру тұрғысынан оқытудың негізігі басымдықтарына назар аударды.

«Біздің алдымызда сіздерден жаңа идеялар мен бастамаларды алып жүре алатын, сұранысқа ие, жоғары білікті, замануи мамандарды шығару міндеті тұрды. Біз сіздерге көлемді әрі терең ойлауды, өзгерістерге дайын болуды үйреттік, ой-өрістеріңді кеңейтіп, көшбасшылық қасиеттерді дамыттық.

Сондықтан біз сіздердің әрқайсыларыңыз қызметке жаңа идеялармен, оң өзгерістерге дайын көңіл-күймен оралып жатқандарыңа сенімдіміз. Сіздер бізден қосымша, тереңдетілген білім алғандарыңызды әрқашан мақтан тұтып, өздеріңізге Құқық қорғау органдары акаедмиясында білім алу мүмкіндігі бұйырғаны үшін профессорлар мен оқытушыларғы алғыс білдіргендеріңізді қалаймыз», — деп атап өтті Наиль Ахметзакиров.

Академия тәрбиеленушілері Бас Прокурордың орынбасары қолынан заң ғылымдарының магистрі дипломдарын алды. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.