Бүгін Құқық қорғау органдары академиясының тыңдаушылар қатары жаңа құраммен толықты. Мұнда астаналық мектептің жиырма бес оқушысы үшін кәмелетке толмағандар қылмыстарының алдын алу мәселелеріне арналған оқу циклі басталды. Оқыту іс-шарасы Астана қаласы прокуратурасы өткізіп жатқан «Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының алдын алуды жаңғырту» жобасының маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Курстардың ашылуына Астана әкімдігі, қалалық прокуратура, жергілікті полиция қызметі, білім беру басқармасының өкілдері, ата-аналар қатысты.
Академия басшысы Наиль Ахметзакиров оқыту іс-шарасының балаларға әлеуметтік-адамгершілік тәрбие беруде және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алудағы ерекше маңызын атап өтті.
Оқу үш кезеңде өтетін болады. Бірінші оқу курсы шеңберінде балаларға өз қатарластарымен достық қарым-қатынасты орнатуды және командалық рухты нығайтуды үйретеді. Сондай-ақ олар құқық бұзушылықтың не екенін және оларды жасағанан кейін туындайтын құқықтық салдарды білетін болады. Сонымен қатар мамандар мектеп оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңестер беріп, құқық қорғау және сот органдарының жұмысы туралы айтып береді.
Дәрістердің екінші циклі қысқы демалыста өтеді және құқықтық білімдерді практикалық қолдану мәселелеріне арналатын болады. Оқытудың «Менің мамандығым — заңтанушы» атты соңғы кезеңі көктемде өтеді.
Қала прокуроры Болат Дембаевтың айтуынша, Академия ғалымдары мен педагогтары әзірлеген арнайы оқу бағдарламасы балалар қылмыстылығымен күресті күшейтуге бағытталған және мектеп оқушыларына өзінің заңгерлік сауаттылығын арттыруға, құқыққа қайшы әрекет үшін жауапкершілік туарлы қажетті білімдерді алуға арналған.