Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенция ережелерін орындау бойынша шолу жасауды оқыту

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына шолу жасау механизмі жұмысына қатысушы үкіметтік сарапшыларды оқыту басталды.

Іс-шараны БҰҰ-ның Есірткі және қылмысқа қарсы күрес басқармасының қолдауымен Жаһандық қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб ұйымдастырып отыр.

Тренингке қатысу үшін Пәкістан, Түркіменстан, Ауғаныстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның құқық қорғау және фискалды органдарының өкілдері келді.

Оқу бағдарламасының аясында БҰҰ Басқармасының сарапшысы тыңдаушыларға Конвенция ережелерін орындау бойынша өз бетімен шолу жасауды үйретеді, шолу жасау әдістемесі және мерзімдерімен, негізгі талаптар және нұсқаулықтарымен таныстырады.

Сондай-ақ оқыту бағдарламасы пленарлық бағдарламаларды, ақпаратпен және оқу сценарийлерінің негізінде алған білімдерін практикада пайдалану нұсқаларымен алмасуды қамтиды.