Жаһандық қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік хаб базасында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен «Өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың рөлі» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг ашылды.
Оның жұмысына Нидерланды, Германия, Грузия, Италия, Швейцарияның сарапшылары, сондай-ақ Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сарапшылары қатысуда.
Семинардың күн тәртібіне киберқылмыстылыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетті болуы мүмкін қауіптерден қорғау мәселелері енгізілді.
Сарапшылар ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісетін болады. Соның ішінде интернет желісіндегі жаңа қауіптерді талдау, оларды жою, киберқауіпсіздік саласында ірі оқиғаларды жоспарлау, ұлттық және өңірлік деңгейлерде киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі практикалық шараларды жүзеге асыру сияқты маңызды тақырыптар қозғалады.
Өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін оқыту іс-шарасының маңызын айта отырып, Құқық қорғау органдары академиясының басшысы Наиль Ахметзакиров тренинг осы саладағы бірыңғай стратегия мен сындарлы мемлекетаралық диалогты әзірлеу үшін тиімді алаңға айналатынына сенім білдірді.