Алматы прокуратурасы қызметкерлеріне арналған қайта даярлау курстары

Алматыда қала прокуратурасының қызметкерлері үшін «Қылмыстық және қылмыстық – процестік заңнаманы қолдану мәселелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары ашылды. Тренинг Құқық қорғау органдары академиясы өкілдігі және қала прокуратурасының Аппаратымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Курстар прокурорларға жаңа маңызды өкілеттіктер беретін заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру аясында өткізілуде.

Сондықтан қайта даярлаудан осы уақытқа дейін прокурорлық қызметтің өзге салаларында қызмет еткен және қылмыстық процесте тәжірибесі жеткіліксіз қызметкерлер өтеді.

Курстың мақсаты — сотта мемлекет мүддеcін білдіру және қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысындағы заңдылықтарды қадағалауды жүзеге асыру мәселелері бойынша тыңдаушыларда базалық кәсіби білім мен дағдыларды қалыптастыру.

Оқу бағдарламасына «Прокурор жұмысындағы қылмыстық заңның орындалуы», «Қылмыстық процесстің сотқа дейінгі сатысы саласындағы прокурордың қызметі», «Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында тергеу әрекеттерінің өндірісі» сияқты маңызды үш модуль енгізілген.

Оқу нақты тапсырмалар мен жағдайларды талдай отырып, алынған білімді практикалық мысалдарда талдау және бекіту арқылы жүргізіледі.