Жеке өмірге қол сұғылмаушылық проблемалары бойынша

Бүгін Бас прокуратурада Криминологиялық форумның шеңберінде жеке өмірге қол сұғылмаушылық мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараны Бас прокуратура және Құқық қорғау органдарының академиясы Еуропалық Одақтың «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Форум жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету проблемаларына арналған.

Іс-шараға депутаттық корпустың, құқық қорғау және арнайы органдардың, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, жетекші отандық құқықтанушы ғалымдар, халықаралық сарапшылар қатысты.

Қатысушылар атап өткендей, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы Конституция және халықаралық келісімдер кепілдік беретін негізгі құқықтардың бірі болып табылады. Ол адамды жеке өміріне қол сұғушылықтан қорғауы қажет.

Отандық заңнама жеке өмірді қорғаудың құқықтық әдістерін, олардың бұзылғаны үшін жауапкершілікке тарту формалары мен тәртібін анықтайды. Сонымен қатар құқық қолдану тәжірибесінде бұл құқықтың мазмұнын талқылау кезінде көптеген қиындықтар туындайды.

Пікірталас барысында жедел іздестіру іс-шаралары кезінде азаматтардың жеке өміріне араласудың, жеке және отбасылық құпияға жататын ақпараттарды заңсыз жариялаудың өзекті проблемалары көтерілді. Осы орайда танымал тұлғалардың жеке өмірлері туралы өз пікірін білдіру мәселелеріне қатысты да түрлі пікірлер айтылды.

Отырыс соңында халықаралық стандарттар мен осы фундаменталды құқықтың заманауи түсінігіне негізделген жеке өмірді қорғау саласындағы әрекеттегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.