Бас прокуратураның Академиясына жаңа дәреже берілді

Бүгін өткен жиналыста Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров ТМД сыртқы саяси ведомстволары басшыларының Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына ТМД-ға қатысушы елдердің салықтық (қаржылық) тергеу органдары үшін кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі базалық ұйым дәрежесін беру туралы шешімін жариялады.

Шешім 2018 жылғы 6 сәуірде Минск қаласында ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысында қабылданды.

Бас Прокурор атап өткендей, жаңа дәреже экономикалық қылмыстармен күресте Достастық елдерінің фискалды органдары арасында тәжірибе алмасуда оқу орнының мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Бұдан бөлек ол ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық жүйлерді құру және тиімді дамыту үшін xалықаралық ғылыми зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді.

Осылайша салықтық тергеу саласындағы жаңа білімдердің бірыңғай ақпараттық-сараптамалық қоры қалыптасады, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарына ТМД сарапшыларын тарту мәселелерінде жәрдемдесу мүмкіндігі кеңейеді.

Қ. Қожамжаров Академияға тиісті оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын бекітуге және білім алушылардың құрамын анықтауға кірісуді тапсырды.

Айта кететін жайт, Академия Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен құқық қорғау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, кадрларды даярлау және қайта даярлау мақсатымен құрылды.

Осы күнге дейін Академияда құқық қорғау органдарының 3 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік, соның ішінде Ауғаныстан, Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның 400-ден астам қызметкері біліктілігін арттырды.