Кезекті Президенттік резерв курстары басталды

Құқық қорғау органдарының академиясында Президенттік резервте тұрған қызметкерлерді кәсіби қайта даярлаудың кезекті 7-ші курстары басталды.

Өз біліктіліктерін арттыруға барлық аймақтардан құқық қорғау органдарының, соның ішінде прокуратура, ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро және экономикалық тергеп-тексеру қызметінің 12 басшысы келді.

Курстардың негізгі мақсаты – резервистерді болашақ жауапкершілігі мол жұмысқа даярлау, олардың кәсіби және басқарушылық құзыреттіліктерін жетілдіру.

Іс-шараның ашылуына Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратураның жауапты қызметкерлері қатысты.

Тиімді басшының кәсіби дағдыларын, аналитикалық және коммуникативті қабілеттерді дамыту және жетілдірумен қатар, курстардың тақырыбы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлық сияқты стратегиялық әрі еліміз үшін өзекті мәселелерді, сонымен қатар қылмыстарды ашуда заманауи ақпараттық технологияларды қолдану аспектілерін қамтиды.

Аталған бағыттар бойынша өз білімдері және тәжірибелерімен жетекші отандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары бөлісетін болады.

Осы білім беру жобасының аясында Академияда 63 резервист білім алғанын және курс аяқталғаннан кейін олардың 17-сі жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалғанын атап өткен жөн.