Адам саудасына қарсы күрес бойынша алғашқы симуляциялық тренинг

Бүгін Астанада ЕҚЫҰ-ның Бас кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылған «Көші-қон бағдарлары бойынша адам саудасымен күрес» тақырыбындағы алғашқы халықаралық симуляциялық тренинг өз жұмысын бастады.

Құқық қорғау органдары академиясының жанындағы жаһандық қауіптер жөніндегі Өңірлік хаб негізінде өтіп жатқан іс-шараға ТМД мен Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысуда.

Алғашқы тренинг Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен ЕҚЫҰ-ның Хаб базасында адам саудасына қарсы күрес бойынша симуляциялық орталық құру жөніндегі ауқымды жобасын іске асырудың нәтижесі болды.

Қазақстан қазіргі әлемнің жаһандық қауіп-қатерлеріне қарсы тұру дағдыларын үйрету үшін симулятор қолданылатын әлемдегі екінші ел. Осындай жоба Италияда құрылымдық полиция қызметкерлерін оқытуда табысты жүзеге асырылуда.

Оқу әдіснамасының ерекшелігі — ол шындыққа барынша жақындатылған жағдайда өтуінде. Адам саудасының нақты жағдайларын модельдеу арқылы, тыңдаушылар қылмыс құрбандарын анықтауды, құрбандарға көмек көрсетуді, адам саудасының заңсыз айналымымен айналысатын адамдарды анықтауды, тергеу жүргізуді және бір-бірімен өзара әрекеттесуді үйренеді.

Оқудың форматы мамандардың күрделі жағдайда бағдарлануын, қылмысты ашуда тиімді әдістерді қолдануды және сауатты әрі кәсіби шешімдер қабылдай алу мүмкіндігін дамытады.

Тренингке қатысушылар мен сарапшылар ретінде 150-ге жуық адам, оның ішінде АҚШ, Германия, Грузия, Израиль, Ресей, т.б. жақын және алыс шетелдің 19 мемлекетінен 76 өкіл қатысуда.