Заманауи киберқауіптерге тиімді қарсылық көрсету

«4-ші өнеркәсіптік революцияның даму жағдайындағы заманауи киберқауіптер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын аяқтады. Іс-шараны Құқық қорғау органдарының академиясы «IZR» Германдық құқықтық ынтымақтастық қоры және «Астана-Экспо КС» компаниясының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Форум жұмысына Қазақстанның құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдары, ғылыми қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдарының, алыс және жақын шет елдердің өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.

Жиында атап өтілгендей, киберқылмыстылық бүгінде ұлттық және халықаралық қауіпсіздік үшін жаһандық қауіптердің біріне айналды. Мысалы, соңғы жеті жылда Қазақстанда тіркелген интернет-қылмыстардың саны 40 есеге өсті.

Конференция барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары технологиялар саласындағы қылмыспен күрестің адекватты жүйесін әзірлеудің көптеген көкейтесті проблемалары талқыланды.

Оның ішінде, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиялары мен құралдары, қиберқылмыстардың алдын алу және олардың профилактикасы, виртуалды ақша саласындағы қауіп-қатерлер, ақпараттық технологияларды қолдана отырып қылмыстық кірістерді жылыстату сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.

Мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, компьютерлік шабуылдардың алдын алудың заманауи жүйелерін пайдалану мәселелері қаралды.

Сөз сөйлеушілер атап өткендей, киберқылмыстылыққа қарсы тиімді іс-әрекет ету үшін ведомствоаралық және мемлекетаралық іс-қимылды күшейту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті нығайтқан маңызды.

Осы орайда озық халықаралық тәжірибені зерттеу және пайдалануға ерекше мән берілді. Германия, Ресей және Жапонияның сарапшылары киберқылмыстарды анықтау, тергеу және алдын алу тәжірибелерімен бөлісті.

Күн тәртібіндегі мәселені қызығушылық таныта отырып талқылау кездесуге қатысушыларға интернет қылмыстарға қарсы іс-қимылдың, қоғам мен мемлекетті потенциалды қауіптерден қорғаудың тиімді механизмдерін әзірлеуге, ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.