Процестік прокурорлар біліктіліктерін жетілдіруде

Құқық қорғау органдары Академиясының өкілі Қарағанды облысы прокуратурасымен бірлесе отырып, аудан және қала прокуратураларының қызметкерлері үшін прокурордың қылмыстық процеске қатысуының практикалық мәселелері бойынша қайта даярлау курстарын өткізді.

Курстардың негізгі мақсаты – тыңдаушыларда қадағалауды жүзеге асыруға және қылмыстық іс жүргізу барысында мемлекет мүдделеріне өкілдік етуге қажетті кәсіби білім мен дағдыларды қалыптастыру.

Тыңдаушылар алдында ІІМ Қарағанды Академиясының, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, облыстық Аппараттың, ҚСжАЕК басқармасының тәжірибелі қызметкерлері дәріс оқыды.

Сабақтарда оқиға болған жерді қарау, басқа да тергеу амалдарын өткізу әдістері бекітіліп, қылмыстарды тергеудің психологиялық аспектілері мен кәмелетке толмағандардан жауап алу ерекшеліктері зерделенді.
Практикалық жағдаяттық тапсырмалардың үлгісінде дәріскерлер тыңдаушыларға прокурорлық қызметтің негізгі бағыттарының ерекшеліктерін түсіндірді.

Сонымен қатар команда құру мәселелері бойынша тренингтер өткізілді. Олардың маңыздылығы – жаңадан қабылданған қызметкерлерді психологиялық тұрғыдан бейімдеп, оларға әріптестерімен де, азаматтармен де дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруға қажетті әдеттерді үйрету.

Курстардың бағдарламасы және мазмұны оң пікірлерге ие болды. Оқу соңында өткізілген сынақ қызметкерлердің жақсы білім алғандарын көрсетті.