Академия өкілдері Еуразиялық заң съезінің жұмысына қатысты

Бакуде «Халықаралық әділет үшін халықаралық құқық» атты екінші Еуразиялық заң съезі өтті.

Форум жұмысына 40 мемлекеттен 250-ден астам делегат қатысты. Қазақстандық делегацияны Академияның Кәсіби деңгейді арттыру институтының директоры Магомед Ақаев бастады.

Форумның мақсаты – құқықтық ынтымақтастықты нығайту, ғалымдар мен практиктерді кәсіби шоғырландыру, құқықтық институттардың қалыптасу тәжірибесімен алмасу, түрлі елдердің прогрессивті заңдық дәстүрлерін дамыту.

Кездесуге қатысушылар қол жеткізілген өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің түрлі аспектілерін талқылады. Халықаралық құқықтың өзекті мәселелері, көші-қон және адамзатқа қарсы қылмыстар, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.

Академия халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында аймақтың жетекші жоғары оқу орындарымен іскерлік байланыстарды кеңейтеді. Бұл магистранттар мен докторанттардың академиялық мобильділігін қамтамасыз ету, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша академиялық бағдарламаларды біріздендіру, Еуразиялық аймақ заңгерлерінің ғылыми жарияланымдарының бірыңғай журналын құру үшін жақсы демеу болып табылады.