Герман үлгісі бойынша тергеу жұмысын жүргізу дағдыларын үйрету бойынша тренинг

Тренинг по обучению навыкам ведения следственной работы по германской модели

Wyndham Garden Astana қонақ үйінде тергеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын үйрету және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жаңғырту бойынша тренинг өтті.

Іс-шара Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бастамасымен және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Тренинг жұмысына ІІМ, Прокуратура органдары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро және Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері қатысты.

Спикерлер ретінде криминалистика профессоры Кристиан Матцдорф пен Германия елшілігінің қызметкері Бенджамин Ланг сөз сөйледі.

Сарапшылар Германияда криминалистикалық техниканың даму үрдістері туралы айтып, тергеу әрекеттерін жүргізу, оларды санкциялау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау тәжірибесімен бөлісті. Қылмыстық тергеу кезінде полиция мен прокуратураның өзара іс-қимылының ерекшеліктеріне тоқталды.

Олар сондай-ақ Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдірудегі жетістіктерін атап өтті. Сарапшылар Германия мен Қазақстанның Қылмыстық процесін салыстыра отырып, екі елдің заңнамасына енгізілуі мүмкін кейбір құқықтық институттарға назар аударды.