Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы

Құқық қорғау органдары академиясы Ғылыми-әдістемелік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ Бас прокуратура, ішкі істер, қаржы министрліктері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің қатысуымен өтті.

Отырысқа қатысушылар ведомствоаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарының аралық қорытындыларын, сондай-ақ құқық қорғау саласындағы ғылымның даму перспективаларын талқылады.

Отырысты аша отырып, кеңес төрағасы – Академия ректоры Ерғали Мерзадинов заңдылықты қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте ведомстволық ғылымның рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті. «Құқық қолдану тәжірибесін ғылыми-талдамалық қамтамасыз ету күш құрылымдары жұмысының тиімділігін арттырудың маңызды шарты болып табылады», – деп атап өтті ол.

ҒӘК мүшелерінің қарауына ведомствоаралық ғылыми зерттеулердің алдын ала нәтижелері ұсынылды:

«Кәсіпкерлердің құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғауды күшейту мәселелері»;

– «Жеке өмірге қол сұғылмаушылық» ұғымын анықтаудың ғылыми негізделген құқықтық тәсілдерін қалыптастыру»;

– «Қылмыстық қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар ұғымдарын нақтылау және олардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін және өзге де критерийлерін негізге ала отырып, олардың ара-жігін ажырату жөніндегі ғылыми-құқықтық тәсілдерді әзірлеу»;

– Сотқа дейінгі тергеудің іс жүргізу шығындарын есептеу әдістемесі»;

– «Қылмыстық қудалау: сотқа дейінгі тергеу органдарының және прокурордың өкілеттігін шектеу»;

– «Интернет-ресурстары мен мобильді қосымшалар арқылы таратылатын есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының, прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы тұру».

Жүргізілген жұмыстың нәтижелерін талдай келе, Кеңес мүшелері ғылыми-зерттеулердің өзектілігін және нәтижелерді құқық қорғау және білім беру салаларында енгізу қажеттілігін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша ғылыми-талдамалық жұмысты жалғастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіру шеңберінде ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту ұсынылды.