Есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясында есірткі қылмыстылығынан алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) жағдайларына әрекет ету бойынша халықаралық симуляциялық жаттығулар басталды.

Іс-шара Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен ОАӨАҮО, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе ұйымдастырылған.

Тренинг жұмысына 40 адамнан аса – прокуратура, ІІМ, МКК және ОАӨАҮО өкілдері, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және т. б. халықаралық сарапшылары қатысуда.

Оны дайындау барысында құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың, арнайы оқу орындарының, халықаралық ұйымдардың және Қазақстанның банк секторының сарапшылары жаттығуларды өткізуге қатысушылардың сценарийлері мен профильдерін әзірледі.

Тренинг барысында есірткі құралдарының таралуының және есірткі қылмыстарынан түсетін кірістерді заңдастыру шынайы жағдайлары көрсетілетін болады.

Қатысушылардың міндеті – барлық қажетті жедел және тергеу әрекеттерін жүргізу, қылмысқа қатысы бар адамдардың шеңберін белгілеу, есірткінің заңсыз айналымынан түскен қаражатты заңдастыру схемалары, содан кейін қылмыстық істі сотқа жіберу және мемлекеттік айыптауды қолдауды жүргізу.

Жаттығудың соңғы күні Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша Мамандандырылған ауданаралық соты судьясының қатысуымен сот процесі болады.

Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, тренинг барысында көтерілген мәселелер бүкіл әлемде өзекті болып табылады.

БҰҰ-ның зерттеулеріне сәйкес, есірткі саудасы нәтижесінде жыл сайын есірткі сатушылар алған ақшалар мен басқа да мүліктің сомасы өндірілген есірткі заттарының жалпы көлемінің тек 0,5% ғана құрайды.

Қазақстанда жыл сайын есірткі заттарының, психотроптық немесе улы заттардың, прекурсорлардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы саласындағы 7 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркеледі.

Олардың ішінде соңғы үш жылда есірткі қылмыстарынан түскен табыстарды заңдастыру саласында тек 16 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа тек 10 қылмыстық іс қана жіберілді.

Іс-шара ағымдағы жылдың 26 шілдесіне дейін жалғасады.