Келіссөздерді табысты жүргізудің озық әдістеріне оқыту

Бүгін Израильдің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің және ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен Құқық қорғау органдары академиясы ұйымдастырған келіссөздер жүргізу және қақтығыстарды басқару мәселелері бойынша симуляциялық семинар-тренинг өз жұмысын аяқтады.

Оқыту іс-шарасы құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері үшін өткізілді.

Сарапшылар ретінде Израильдің құқық қорғау қызметтерінің өкілдері сөз сөйледі.

Оқыту құқық қорғау органдары қызметкерлерінің келіссөз процесін жүргізу дағдыларын дамытуға, кез келген стандартты емес және дағдарысты жағдайларға жедел әрекет ете білуге, жанжалды дамытудың деструктивті жолдарына жол бермеуге бағытталған.

Бес күн бойы тыңдаушылар қақтығыстарды басқарудың әртүрлі тәсілдері мен тактикаларын оқыды, келіссөздерді табысты жүргізудің дағдылары мен әдістерін үйренді.

Курс тақырыптары белсенді тыңдау, жедел реакция, келіссөз топтарының құрылымы, уақытты басқару, келіссөздерде ақпаратты жинаудың тактикалық рөлі, байланыс құралдары, бөгде делдалдар және үйлестірілген жауапты ұйымдастыру сияқты сұрақтарды қамтыды.

Сессиялар Израиль полициясы бұрын айналысқан нақты жағдайларға негізделген техникалық пікірталастар мен практикалық жаттығулармен толықтырылды. Симуляциялық жаттығу барысында тыңдаушылар нақты ортаға шығуға және нақты мысалда келіссөз үдерісін жүргізуді көруге, сондай-ақ келіссөзшілер рөлінде өз ойын білдіруге мүмкіндік алды.

Семинарға қатысушылардың жалпы пікірі бойынша, оқыту қажет болған жағдайда тез және барабар шешімдер қабылдауға, шиеленісті сауатты шешуге, оның ушығуына жол бермеуге мүмкіндік беретін қажетті білім, білік және дағды алуға мүмкіндік берді.