Уақтылы және маңызды реформалар

Ұлан Байжанов,
Бас прокуратураның жанындағы
Құқық қорғау органдары
академиясының ректоры

 

Жер бетінде 200-ден астам мемлекет бар. Олардың әрқайсысының сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени ерекшеліктерін көрсететін құқықтық жүйесі бар.

Билікті іске асыру тетігінің ажырамас бөлігі – бұл мемлекет басшысының институты. Конституциялық-құқықтық доктрина осы институтты мемлекеттік биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығын, оның билік тармақтарының өзара әрекет етуін қамтамасыз ететін ұлт бірлігінің кепілі ретінде қарастырады.

Қазақстанның бүгінгі жағдайында Президент тиімді мемлекеттік басқарудың негізгі факторы болып табылады. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасыр уақыт өтті. Республика өзінің қалыптасуының ең ауыр кезеңінен Президенттің басшылығымен сүрінбей өтті.

Бүгінгі таңда бүкіл әлем еліміздегі қарқынды түрлендірулер мен көлемді өзгерістердің бірегей әрі әсерлі үлгісінің куәгері болды. Өткен жылдар ішінде Қазақстан тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтауға, экономикалық даму мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, демократиялық институттардың дамуына қол жеткізді.

Заманауи қауіп-қатерлерге тиісінше жауап бере отырып, Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа аясында түбегейлі өзгерістер жүргізуді жалғастырып жатыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамасының арқасында еліміз ЕҚЫҰ-да төрағалық етіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды, ЭКСПО көрмесі мен Универсиада ойындарын өткізу орталығы болып отыр. Қазақстан конфессияаралық келісімді нығайтуда, халықаралық шиеленістерді реттеуде әлемдік сұхбат алаңына айналды.

Сонымен қатар Президент тұлғасы Қазақстанның халықаралық имиджі мен замануи әрі бейбітсүйгіш мемлекет ретіндегі ерекше статусын анықтап берді.

Кейбір шетелдік сыншылар тарапынан түрлі теріс пікірлер айтылған болатын. Ұлт көшбасшысының көптеген көреген қадамдары мен шешімдері олардың көңілдерінен шықпады. Көп жағдайда солардың ішінен авторитарлық мақсаттарды көруге тырысатын. Өмір мұндай үстіртін пікірлердің дәрменсіз екенін дәлелдеді.

Сол уақыттағы түбегейлі әрі қарқынды реформалар мықты билікті қажет етті және олар халық игілігінің қамын ойлау мен демократиялық процестерді кезең-кезеңімен жүргізу қажеттілігінен туындаған еді.

Президент ұсынған билікті қайта бөлу идеясы бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болған жоқ, бұл оның демократия идеалдарына шынайы берілгендігінің дәлелі.

Әлемнің көптеген елдеріндегі тұрақсыз жағдайларды ескере отырып, Мемлекет басшысы басты назарды стратегиялық функцияларға, сыртқы саясат мәселелеріне, қорғаныс қабілетіне, мемлекеттік басқару проблемаларына және түрлі билік тармақтарының тиімді қызметін қамтамасыз етуге аудару туралы орынды шешім қабылдады.

Еліміздің түрлі саяси күштерінің мүддесін қамтитын жоғарғы заңнамалық билікті атқарушы Парламент екені белгілі. Дамыған парламентаризм институты бүгінде ең маңызды қоғамдық қатынастарды реттей алады. Ал Парламент өкілеттілігін кеңейту Үкімет қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Барлық мемлекеттік тетіктің маңызды құрамдас бөлігі әрі орталық буыны атқарушы билік болып саналады. Мемлекет саясатының негізгі мақсаттарын белгілеу мен қалыптастыруда, оларға қол жеткізудің жолдары мен құралдарын анықтауда Үкіметке қосымша өкілеттіктер беріледі. Осы орайда оның мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың сапасы үшін жауапкершілігі артады.

Бүгін мемлекетке тұлға құқықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғаудың тиімді жүйесі қажет. Өйткені билікке және мемлекеттің құқықтық саясатына деген сенім деңгейі соған тікелей байланысты. Қоғам талаптарына және халықаралық стандарттарға жауап беретін құқық қорғау жүйесін құру міндетін Президент алға қойып отыр. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде прокуратура Мемлекет басшысының тиімді тірегі болып отыр. Оның қылмыс профилактикасы және онымен күрес кезіндегі үйлестірушілік рөлін жүзеге асыруы барлық құқық қорғау қызметінің нәтижелілігін арттырады. Президент алға қойған міндеттерді орындау аясында Бас прокуратура көптеген инновациялық идеяларды іске асырды және олар өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Құқық қорғау органдары академиясының құрылуы осы бағыттағы жұмыстың маңызды кезеңі болды. Өйткені ол заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіндегі білім беру саласын үйлестірумен айналысады. Академияның міндеті барлық құқық қорғау органдары үшін жас мамандардан бастап Президенттік резервке дейінгі жоғары білікті кадрларды даярлауды қамтамасыз ету.

«Алайда әлем бүгінде көз алдымызда өзгеріп жатыр. Қоғамдық үдерістердің жылдамдығы мен күрделілігі Қазақстанда да артып келеді. Қазірдің өзінде біз алдағы кезең алдымызға міндетті түрде көлденең тартатын жаһандық және өңірлік сын-қателіктерге қалай қарсы тұратынымызды ойластыруға тиіспіз», — деп Ұлт Көшбасшысы өзінің арнайы үндеуінде атап өткен болатын.

Бұл жерде Мемлекет басшысының мақұлдауымен Академия жаһандық қауіптерге қарсы Өңірлік хаб құру жобасын іске асырып жатқанын атап өткен жөн. Ол халықаралық зерттеу және оқыту орталығы ретінде құрылатын болады. Оның алаңында экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, заңсыз көші-қон, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы, адам саудасы, киберқылмыстылық, қаржы қылмыстары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған халықаралық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Алдағы кезеңге құқық қорғау жүйесі тиімділігін одан әрі арттыру және оны мемлекеттің жаңа саяси бағытының принциптерімен толықтай сай келетіндей етіп өзгерту міндеті қойылып отыр.