Академия магистранттары қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеді

Қаржылық қылмыстарды саралау және құқық бұзушылықтардың әртүрлі түрлерін ажырату мәселелері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистранттарына арналған бинарлық практикалық сабақтың негізгі тақырыбы болды.

Сабақты Академияның Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Асель Алибекова және «AML ACADEMY» кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін оқыту және дамыту орталығының директоры, PhD докторы Дархан Құсайынов бірлесіп өткізді.

Қатысушылар экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың қылмыстық-құқықтық аспектілерін, оның ішінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылықтар мен азаматтық-құқықтық даулардан ажырату мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын жетілдіру жолдары талқыланды.

Оқытудың практикалық форматы магистранттарға қылмыстық құқық саласындағы білімдерін тереңдетуге және құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелерін талдауға мүмкіндік берді. Сабақ қорытындысында қатысушылар кәсіби білімді ұдайы жаңартып отырудың және тәжірибеге бағдарланған оқыту әдістерін қолданудың маңызын атап өтті.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz