Академия цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеп-тексеру бойынша мамандарды даярлауды аяқтады

Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында прокурорлар мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне арналған цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарды тергеп-тексеру курсы аяқталды.

Бірнеше айға созылған оқу төрт бағытты қамтыды: цифрлық тергеп-тексеру, цифрлық криминалистика, ашық дереккөздерден ақпарат іздеу және талдау (OSINT), сондай-ақ криптовалюталар мен цифрлық активтерге байланысты құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру.

Практикалық даярлыққа ерекше назар аударылды. Тыңдаушылар электрондық дәлелдемелермен және цифрлық іздермен жұмыс істеу әдістерін, ашық дереккөздердегі ақпаратты және криптовалюталық транзакцияларды талдау құралдарын меңгерді.

Курс қорытындысы бойынша цифрлық ортадағы қылмыстарды тергеп-тексеруге қажетті арнайы білімі мен практикалық дағдылары бар мамандар даярланды.

Алынған білім мен дағдылар киберқылмыстарды тергеп-тексеру тиімділігін арттыруға және құқық қорғау органдарының кәсіби әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.