Академия мен CIMEA білім беру және ғылым саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2026 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров Италияның академиялық ұтқырлық және академиялық баламалылық мәселелері жөніндегі ақпараттық орталығының (CIMEA) бас директоры Лука Лантеромен кездесті.

Кездесуге CIMEA-ның Орталық Азия бойынша Өңірлік кеңсесінің директоры Айтжан Құлымжанова да қатысты. Тараптар Академия түлектерінің біліктіліктерін Еуропада тану, бірлескен білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету және Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU) қос дипломды магистратура бағдарламасын іске асыру перспективаларын талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен халықаралық ғылыми орталықтың қызметін дамыту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қылмыстық заңнама мен қылмыстық сот төрелігі жүйесін жетілдіру, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, жасанды интеллект пен цифрлық дәлелдемелерді қолдану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және цифрлық активтерді реттеу зерттеулердің негізгі бағыттары ретінде айқындалды.

Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық аналитика жөніндегі бірлескен халықаралық кафедра базасында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған практикалық курстар әзірлеу мүмкіндіктері қарастырылды. Оқыту бағдарламалары сотқа дейінгі тергеп-тексеру, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, цифрлық криминалистика және киберқылмыстарды тергеп-тексеру мәселелерін қамтиды.

Кездесу соңында тараптар ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.