2026 жылғы 19 қарашада Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қылмыстық саясатты дамыту, құқық қорғау қызметін жетілдіру және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған ғылыми семинар өтті.
Семинарда Академия мен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің магистранттары мен докторанттары баяндама жасады. Сарапшылық талқылауға аталған оқу орындарының, «Тұран-Астана» университетінің және ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Қатысушылар қылмыстық саясаттың өзекті мәселелерін, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру, прокурорлық қадағалау, дербес деректерді қорғау және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын қарастырды. Цифрландыру жағдайында құқық қорғау жүйесінің заманауи міндеттерін шешудің ғылыми тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Сарапшылар баяндамалардың жоғары ғылыми деңгейін және ұсынылған зерттеулердің өзектілігін атап өтті. Семинар қорытындысы бойынша қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға және мемлекет қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленді.
Талқылау нәтижелерін магистранттар мен докторанттардың алдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарында, сондай-ақ Академияның білім беру процесінде пайдалану жоспарланып отыр.




