2026 жылғы 19 қарашада Ташкент қаласында құқық қорғау жүйесіндегі әйелдердің рөлін кеңейту және әйелдер көшбасшылығын дамыту мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры Сауле Сапаралиева қатысты.
Өзбекстан Республикасы Құқық қорғау академиясының базасында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ұлыбритания елдерінің прокуратура органдарының, мемлекеттік құрылымдардың, бейінді оқу орындарының өкілдері мен сарапшылары, сондай-ақ ЕҚЫҰ өкілдері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Өзбекстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Светлана Артикова мен ЕҚЫҰ-ның Өзбекстандағы жобалар үйлестірушісінің басшысы, елші Антти Карттунен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Пленарлық отырыс барысында Сауле Сапаралиева Қазақстанның тәжірибесін, құқық қорғау органдарындағы әйелдер көшбасшылығын дамытудың қазіргі үрдістері мен перспективаларын таныстырды. Өз елдерінің ұлттық тәжірибелерімен Өзбекстан мен Қырғызстан прокуратура органдарының өкілдері де бөлісті.
Қатысушылар қауіпсіздік секторында гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің халықаралық тәсілдеріне, «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыруға, сондай-ақ Ұлыбританияның осы бағыттағы тәжірибесіне ерекше назар аударды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту, заңнамалық тетіктерді жетілдіру және құқық қорғау органдарында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында деректер жинау жүйесін дамыту жөнінде практикалық ұсынымдар әзірленді.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz


