Киберқылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың халықаралық тетіктері конференцияда талқыланды

«Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында киберқылмыс пен трансұлттық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл саласында аталған қағидатты іске асырудың практикалық тетіктері сарапшылардың талқылауына ұсынылды.

Сарапшылар есірткі қатерлерінің өзгеру үрдістерін, цифрлық платформалар мен криптовалюталарды құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалану мәселелерін, сондай-ақ халықаралық үйлестіруді жетілдіру жолдарын қарастырды. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өкілдері халықаралық және өңірлік өзара іс-қимыл мүмкіндіктері, оның ішінде Дохадағы Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі өңірлік орталықтың қызметі туралы баяндады. Сонымен қатар киберкеңістіктегі есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың ұлттық тәсілдері мен осы саладағы инновациялық шешімдер зерделенді.

Пікірталастың едәуір бөлігі цифрлық қаржы құралдарын пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтау, криптовалюталық операцияларды қадағалау және қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналды. Трансшекаралық қаржылық киберқылмыстарды тергеп-тексеру кезіндегі халықаралық ынтымақтастық, тергеу тапсырмаларын орындау, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін қамтамасыз етудің мүмкіндіктері мен құқықтық шектері қарастырылды.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласында мамандар даярлау мәселелері де сарапшылық пікір алмасу күн тәртібіне енгізілді. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылдың оң нәтижелері атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында трансшекаралық қылмысқа қарсы іс-қимылдың ғылыми зерттеулерін дамытуға және практикалық тәсілдерін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар мен ұсыныстар әзірленді.