Киберпрокурорлар мен Қаржылық мониторинг агенттігінің кибертергеушілері OSINT әдістерін меңгерді

Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында киберпрокурорлар мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің кибертергеушілеріне арналған «Құқық қорғау қызметіндегі OSINT» біліктілікті арттыру курсы аяқталды.

Оқыту Академия әзірлеген цифрлық компоненті бар қылмыстарды тергеп-тексеру бойынша кадрлар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесі аясында ұйымдастырылды. Қатысушылар төрт кезеңнен тұратын бағдарламаның үшінші кезеңінен өтті.

Курс барысында ашық дереккөздерден ақпарат іздеу, жинау және сақтау әдістері, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу ерекшеліктері, сондай-ақ OSINT қолданудың құқықтық және этикалық аспектілері зерделенді. Қылмысқа күдіктілерді анықтау, куәларды іздеу және қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер жинау кезінде осындай деректерді пайдалануға ерекше назар аударылды.

Курс ашық дереккөздерден алынған ақпаратты пайдалану бойынша практикалық дағдыларды жетілдіруге, қылмыстарды анықтау және тергеп-тексеру тиімділігін арттыруға бағытталған.