Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бес күндік біліктілікті арттыру курсынан өтті. Оқыту Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеп-тексеруіне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ақпаратты жинаудың, өңдеудің және құжаттаудың заманауи әдістеріне арналды.
Бағдарлама аясында мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық, дропперлік, қаржы пирамидалары, жалған шот-фактуралар, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, сондай-ақ цифрлық активтер мен криптовалюталарға байланысты құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзекті бағыттары қамтылды.
Қатысушылар электрондық құжаттармен, цифрлық іздермен және қаржылық деректермен жұмыс істеу ерекшеліктерін, жасанды интеллект пен OSINT құралдарын қолдануды, параллель қаржылық тергеп-тексерулер жүргізуді және CARIN, Эгмонт тобы мен ARIN желілерін қоса алғанда, халықаралық ақпарат алмасу арналарының мүмкіндіктерін зерделеді.
Практикалық сабақтар қаржылық және цифрлық ақпаратты талдау, сараптамалық зерттеулерге арналған материалдарды дайындау, сондай-ақ жедел қызметкерлер, тергеушілер мен сарапшылар арасындағы өзара іс-қимыл дағдыларын дамытуға бағытталды.
Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Алынған білім мен дағдылар Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға, экономикалық қылмыстарды анықтау және тергеп-тексеру тиімділігін күшейтуге бағытталған.





