Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында ашық дереккөздерді талдау (OSINT) бойынша орта деңгейдегі бес күндік оқу курсы басталды. Оқу курсы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен бірлесіп, базалық деңгейдегі оқудан өткен құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне арналған.
Курстың ашылуына Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов, ЕҚЫҰ Хатшылығының өкілі Юрай Носал және OSINT саласындағы халықаралық сарапшы Тиль ван дер Стиг қатысты.
Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров өз сөзінде цифрлық қатерлердің өсуі жағдайында ашық дереккөздерді талдау дағдыларын дамытудың өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ құқық қорғау қызметінде OSINT құралдарын пайдалану кезінде адам құқықтары мен заң үстемдігі қағидатын сақтау қажеттігіне назар аударды.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов онлайн ортада жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасауда және құқық қорғау органдарының әлеуетін нығайтуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар курсты өткізуге қолдау көрсеткені үшін Академияға алғыс білдірді.
Бес күн бойы халықаралық сарапшылар кәсіби міндеттерді шешуге қажетті ашық дереккөздерден ақпаратты іздеу, жинау, талдау және тексеру дағдыларын жетілдіруге бағытталған теориялық және практикалық сабақтар өткізеді.





