Прокуратура органдарының әдістемелік ұсынымдарына рецензия жүргізу регламенті

Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2026 жылғы «13» 03
№45 бұйрығымен бекітілген

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының әдістемелік ұсынымдарын рецензиялау регламенті

 

1. Жалпы ережелер

1. Осы Әдістемелік ұсынымдарды рецензиялау регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі – Академия) әдістемелік ұсынымдарды рецензиялау, бекіту және есепке алу тәртібін, сондай-ақ осы жұмысты ұйымдастыру кезінде Академия мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары, әскери және көлік прокуратурасының органдары, облыстар және оларға теңестірілген прокуратуралар (республикалық маңызы бар қалалар мен астана), аудандар және оларға теңестірілген прокуратуралардың (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды (бұдан әрі – прокуратура органдары).

2. Осы Регламентте әдістемелік ұсынымдар деп әдістемелік ұсынымдарды, әдістемелік құралдарды, әдістемелік шолуларды және прокуратура органдарының қызметінде пайдалануға арналған, рецензиялаудан өткен және Академияның оқу — әдістемелік кеңесі (бұдан әрі — ОӘК) мақұлдаған өзге де құжаттарды қоса алғанда, әдістемелік сипаттағы құжаттар (бұдан әрі – әдістемелік құжаттар) түсініледі.

3. Академия прокуратура органдары жүйесінің әдістемелік жұмыс мәселелері бойынша бірыңғай ғылыми-әдістемелік, сараптамалық және үйлестіру орталығы болып табылады.

4. Әдістемелік құжаттардың жобаларын жолдау және оларды рецензиялау рәсімін ұйымдастыру «Қадағалау» Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

5. Әдістемелік құжаттар Академияның рецензиялау нәтижелері бойынша оң қорытындысы болған және ОӘК мақұлдаған жағдайда, осы Регламенттің 11-тармағының ережелері ескеріле отырып, прокуратура органдарының қызметіне енгізіледі.

6. Регламенттің күші прокуратура органдарында әдістемелік құжаттарды әзірлеуді және оларды іске асыруды жүзеге асыратын барлық авторларға (авторлық ұжымдарға) қолданылады.

2. Регламентті іске асырудың мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары

7. Регламентті іске асырудың мақсаттары:

1) әдістемелік құжаттардың біркелкілігі мен жоғары сапасын қамтамасыз ету;

2) прокуратура органдарының практикалық қызметін әдістемелік қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру;

3) әдістемелік құжаттарды рецензиялаудың бірыңғай және ашық тетігін қалыптастыру;

4) прокуратура органдарының Академиямен жүйелі әдістемелік өзара іс-қимылын дамыту болып табылады.

8. Регламентті іске асырудың міндеттері:

1) әдістемелік құжаттарды рецензиялаудың бірыңғай процесін ұйымдастыру;

2) әдістемелік құжаттардың мазмұнын ғылыми-әдістемелік және сараптамалық бағалау;

3) әдістемелік құжаттардың құрылымы мен мазмұнын жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;

4) әдістемелік құжаттарды жүйелеуді және орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз ету болып табылады.

9. Регламентті іске асыру ғылыми, практикалық қолдану, әдістемелік шешімдер мен жұмыстың ашықтығы қағидаттарына негізделеді.

3. Әдістемелік құжаттарды рецензиялау бойынша жұмысты ұйымдастыру

10. Рецензиялау шеңберінде Академия:

1) әдістемелік құжаттардың жобаларын қабылдайды және тіркейді;

2) оларға ғылыми-әдістемелік және сараптамалық рецензиялау жүргізеді;

3) мазмұнын, құрылымын және терминологиясын пысықтау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

4) елеулі ғылыми-әдістемелік үлес қосқан жағдайда, Академияның әдістемелік құажаттарды дайындауға ғылыми-әдістемелік бірлескен орындаушы ретінде қатысуын көрсетеді;

5) рецензиялаудан өткені туралы қорытынды және әдістемелік құжаттарды қолдануға ұсынымдар береді;

6) әдістемелік құжаттардың орталықтандырылған есебін қамтамасыз етеді;

7) жыл қорытындысы бойынша әдістемелік құжаттардың қолданылуы, оларды іске асыру нәтижелері туралы есеп қалыптастырады;

8) үздік практикаларды енгізу және алмасу мәселелері бойынша әдістемелік іс-шараларды (оқыту, семинарлар) ұйымдастырады;

9) әдістемелік құжаттардың құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді.

11. Әдістемелік құжаттың жобасын Академия ректорының бұйрығымен белгіленген талаптарды сақтай отырып, автор (авторлық ұжым) дайындайды және Академияға жолдайды.

Прокуратура органдарының міндеттерін уақтылы орындау және әдістемелік құжаттың практикаға бағдарланыуын қамтамасыз ету мақсатында оның жобасы рецензиялау рәсімі аяқталғанға дейін заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде прокуратура органдарының қызметінде пилоттық сынақтан өткізу режимінде бір мезгілде пайдаланылуы мүмкін.

Сынақтан өткізу нәтижелері рецензиялау жүргізу және әдістемелік құжатты пысықтау кезінде оның прокуратура органдары қызметінде пилоттық қолдану практикасын ескере отырып назарға алынады.

12. Әдістемелік құжаттарды рецензиялау рәсімін ұйымдастырушылық сүйемелдеуді Академияның құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – Бөлімше) жүзеге асырады.

13. Бөлімше:

1) әдістемелік құжаттардың жобасы келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде олардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне алдын ала талдау жүргізеді;

2) рецензиялау үшін әдістемелік құжаттардың жобасын Академияның бейінді құрылымдық бөлімшелеріне немесе жауапты сарапшыларға (бұдан әрі – Жауапты адамдар) жібереді;

3) рецензиялау мерзімдерін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асырады;

4) рецензиялау материалдарын есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді;

5) мақұлданған әдістемелік құжаттарды Академияның ақпараттық-талдамалық платформасында (бұдан әрі – Платформа) орналастыруды ұйымдастырады.

14. Жауапты адамдар әдістемелік құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде рецензиялауды жүзеге асырады. Қосымша талдау, бейінді сарапшылармен консультациялар жүргізу, құқық қолдану мәселелерін немесе халықаралық тәжірибені зерделеу қажеттілігін негіздеуге байланысты жекелеген жағдайларда Академияның жетекшілік ететін проректоры рецензиялау мерзімін 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.

15. Әдістемелік құжаттарды рецензиялау барысында:

1) мазмұнның ғылыми және әдістемелік негізділігі бағаланады;

2) практикада қолданылуы мен заңнамаға сәйкестігі талданады;

3) құжаттың құрылымы мен мазмұнын жетілдіру бойынша, соның ішінде цифрлық шешімдер мен инновациялық технологияларды (жасанды интеллект және өзге де талдау құралдарын) енгізу мүмкіндігін ескере отырып, ұсыныстар әзірленеді.

16. Әдістемелік құжаттың жобасы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ол рецензиялау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей авторға (авторлық ұжымға) пысықтауға жіберіледі.

17. Автор (авторлық ұжым) 10 (он) жұмыс күні ішінде пысықтауды жүзеге асырады және әдістемелік құжаттың жобасын Академияға қайта жібереді.

18. Рецензиялау қорытындылары бойынша Бөлімше әдістемелік құжаттың жобасын ОӘК-тің қарауына шығарады.

19. ОӘК мақұлдағаннан кейін Бөлімше 5 (бес) жұмыс күні ішінде Академияның оң қорытындысын авторға (авторлық ұжымға) жолдайды.

20. Академияның оң қорытындысын алған және ОӘК мақұлдаған әдістемелік құжаттар прокуратура органдарының қызметінде тарату және пайдалану үшін Платформада орналастырылуға жатады.

21. Таратылуы шектеулді қызметтік ақпаратты қамтитын, сондай-ақ мемлекеттік құпияларға жатқызылатын әдістемелік құжаттарды Платформада жариялауға болмайды. Оларды қарау рәсімі таратылуы шектеулі қызметтік ақпарат туралы қағидалар мен мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнама талаптарын ескере отрырып жүзеге асырылады.

4. Қорытынды ережелер

22. Академия Платформада орналастырылған әдістемелік құжаттарды өзектендіру жөніндегі жұмысты жарты жылда кемінде бір рет жүзеге асырады.

23. Қолдануға ұсынылған және ОӘК мақұлдаған әдістемелік құжаттар прокуратура органдарының практикалық қызметіне озық әдістемелік тәжірибені тарату және енгізу мақсатында прокуратура органдарының іс-шаралары (жедел және аппараттық кеңестер, ғылыми-практикалық конференциялар және өзге де іс-шаралар) шеңберінде қаралуы және пайдаланылуы мүмкін.