Академия «Заң мен тәртіп» курсын әзірлеуге қатысады

Құқық қорғау органдары академиясы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған республикалық ғылыми-практикалық семинарда «Заң мен тәртіп» курсын оқыту тәсілдерін ұсынды.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі тәсілдерін Академияның жалпы заң пәндері кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Артур Баймаханов таныстырды. Ол өз баяндамасында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың практикалық құралдарына тоқталды.

Баяндама барысында курсты оқытудың практикалық әдістері қарастырылды. Атап айтқанда, өмірлік жағдайлар мен ахуалдық тапсырмаларды талдау, мінез-құлық нұсқаларын модельдеу және олардың құқықтық салдарын талқылау ұсынылды.

Курс оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпті жағдайларды тани білу, заңды әрі қауіпсіз шешімдер қабылдау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ өз әрекеттері үшін жауапкершілікті түсінуге бағытталған.

Курсты әзірлеуге және сараптамалық сүйемелдеуге қатысу Академияның құқықтық тәрбие саласындағы жұмысының бағыттарының біріне айналды.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz