Академияда құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша семинар-тренинг аяқталды

Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесін өңірлік деңгейде басқару: ведомствоаралық өзара іс-қимыл және үйлестіру» тақырыбындағы үш күндік семинар-тренингтің қорытындысын шығарды.

Семинардың жабылуына Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров пен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Алексей Рогов қатысты.

Үш күн ішінде қатысушылар Астана қаласының мысалында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты мәселелерді, олардың туындау себептері мен жағдайларын талдап, ықтимал ден қою шараларын айқындады.

Ведомствоаралық топтар құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша практикалық шешімдермен жұмыс жасады. Жұмыс қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің бірлескен іс-қимыл тетігін көздейтін жоба әзірленді.

Соңында қатысушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар табысталды. Практикалық жұмыс барысында әзірленген тәсілдер өңірлік деңгейде ведомствоаралық өзара іс-қимылды және профилактикалық жұмысты одан әрі жетілдіруге пайдаланылатын болады.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz