Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында жаңа оқу жылы басталды.
Алғашқы кәсіптік даярлыққа қабылданған прокуратура органдарына қызметке кіретін 170 кандидат, сондай-ақ 68 магистрант пен 20 докторант оқуға кірісті.
Іріктеу алғаш рет «Open Academy»ақпараттық жүйесін пайдалана отырып жүргізілді, бұл қабылдаудың негізгі кезеңдерін цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік берді. Түсу сынақтарының әділдігін қамтамасыз ету үшін прокторинг жүйесі қолданылады.
Кандидаттардың кәсіптік даярлығы бес айға созылып, аумақтық прокуратура органдарында бір айлық тағылымдамамен аяқталады. Мұндай формат теориялық білімді практикалық қызметте қолдану дағдыларымен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тәжірибелік бағытына ерекше назар аударылуда. Әрбір магистрант пен докторантқа практика қызметкерлері қатарынан тәлімгер бекітіліп, ғылыми зерттеу жүргізуге арналған нақты жоспар-тапсырма айқындалады. Бұл ғылыми жұмысты құқық қорғау жүйесінің нақты міндеттеріне бағдарлауға мүмкіндік береді.
Ғылым мен тәжірибенің сабақтастығы нақты нәтижелер беріп келеді. Академияның Innovation Lab зертханасы аясында құқық қорғау қызметіне арналған 14 қолданбалы шешім әзірленді. Солардың бірі – магистрлік зерттеу шеңберінде әзірленіп, Бас көлік прокуратурасының қызметіне енгізілген AirKomek цифрлық сервисі. Сервисті ай сайын 60 мыңнан астам азамат пайдаланады.
Он жыл ішінде Академияның магистратурасы мен докторантурасын құқық қорғау органдарының 534 қызметкері аяқтады. Бүгінде бұл жүйе ведомстволық білім беруге қойылатын жаңа талаптарды, атап айтқанда, цифрландыруды, жасанды интеллектіні енгізуді, цифрлық криминалистиканы дамытуды және ғылыми зерттеулердің тәжірибелік бағытын күшейтуді ескере отырып дамып келеді.
Осылайша Академия алғашқы кәсіптік даярлаудан бастап магистратура мен докторантураға дейінгі кадрлар даярлаудың бірыңғай жүйесін кезең-кезеңімен қалыптастыруда. Бұл жүйеде білім, ғылыми әзірлемелер мен кәсіби тәжірибе өзара сабақтастықта ұштасады.







