Косшы қаласының жас спортшыларына «Заң мен тәртіп» қағидаттары түсіндірілді

25 тамызда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Косшы қаласының Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне профилактикалық дәріс өткізді.

Кездесудің мақсаты — жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» қағидаттарының мәнін түсіндіру, сондай-ақ буллинг пен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Қатысушыларға заңға бағыну, тәртіп сақтау, айналасындағыларға құрметпен қарау және өз әрекеттері үшін жауапкершілік танытудың маңызы түсіндірілді. Буллинг мәселесіне ерекше назар аударылып, оның негізгі белгілері, ықтимал салдары, қорлауға қарсы әрекет ету жолдары және ата-аналарға, педагогтерге немесе басқа да ересектерге дер кезінде жүгінудің маңыздылығы айтылды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы мәселелері қаралды. Академия қызметкерлері күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын түсіндіріп, саналы шешім қабылдау мен заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында спорт пен заң талаптарын сақтау негізінде ортақ құндылықтар — тәртіп, жауапкершілік, құрмет, адалдық және әділдік жататыны атап өтілді. Бұл қасиеттерді жас кезінен қалыптастыру – жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бөлігі.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz