Адам капиталы, ғылым және инновациялар – ведомстволық білім беруді дамытудың негізінде

2026 жылғы 24 тамызда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Әскери, арнайы оқу орындары қауымдастығының (ӘАОО) кезекті отырысы өтті.

Отырыстың жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ еліміздің жетекші әскери және арнайы оқу орындарының – ҚР ҰҚК академияларының, ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының, ҚР Ұлттық ұланы академиясының, ҚР ІІМ академияларының және ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан ӘАОО төрағасы, Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров қауымдастықтың тәжірибе алмасудағы, ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты дамытудағы және ведомстволық білім беруді жетілдірудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларды қолдағаны үшін бейінді Министрлікке алғыс білдірді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім мен ғылым саласындағы заманауи үрдістерге, жасанды интеллект технологияларын енгізуге, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының желісін кеңейтуге тоқталды. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен отандық білім және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Күн тәртібі аясында ведомстволық білім беруді одан әрі дамыту және «Елдің зияткерлік әлеуеті» басымдығы шеңберінде жаңа ғылыми қосалқы басымдықты қалыптастыру жөнінде баяндамалар ұсынылды.

Қатысушылар ведомстволық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын қалыптастырудағы мүмкіндіктерін кеңейту, өзіндік ғылыми мектептер мен зертханаларды дамыту, ведомстволық оқу орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Аталған тәсілдерді іске асыру ӘАОО-лардың ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға, кадрларды даярлау сапасын арттыруға және заманауи талаптарды ескере отырып, ведомстволық білім беруді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz