2026 жылғы 27-31 шілде аралығында Құқық қорғау органдары академиясында «Алқабилердің қатысуымен сотта мемлекеттік айыптауды қолдау» тақырыбында мемлекеттік айыптаушылардың біліктілігін арттыру курсы өткізілді.
Оқу прокурорлардың алқабилер қатысатын сот процестеріне дайындалу, сот талқылауына қатысу, дәлелдемелермен, оның ішінде цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу және оларды сотта тиімді ұсыну бойынша кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Сабақтар барысында тыңдаушылар дәлелдеу мен иландырудың тактикалық тәсілдерін, соттағы сөз сөйлеу және өз ұстанымын дәлелді түрде жеткізу дағдыларын меңгерді. Сот процесіне дайындалу және стандарттан тыс жағдайларға жедел әрі негізді жауап беру дағдылары квест-технология форматындағы тренинг барысында пысықталды.
Оқу процесінде Академияның профессорлық-оқытушылар құрамымен қатар Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.К. Ташимбаев, психолог-педагогтар Л.С. Шакимова және В.А. Пошатылюк тартылды.
Курс аясында құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері, тұлға психологиясының негіздері, «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілетудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ цифрлық криминалистика мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби қызметте пайдалану мәселелері қаралды.
Курс тыңдаушылардың алған білімдері мен практикалық дағдыларын алқабилердің қатысуымен өтетін сот процесін модельдеу барысында көрсетуімен қорытындыланды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz








