Байқоңыр қаласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша қаланың және Қызылорда облысына қарасты жақын маңдағы елді мекендердің құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, екі елдің құқық қорғау және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және халықаралық құқықтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Байқоңырдың Қазақстан мен Ресей құқық қорғау органдарының практикалық өзара іс-қимылының бірегей алаңы екені, мұнда бірлескен қызметті үйлестіру, профилактикалық жұмыс жүргізу және қазіргі заманғы сын-қатерлерге ден қою бойынша елеулі тәжірибе жинақталғаны атап өтілді. Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың неғұрлым тиімді тәжірибелерін зерделеу мен тарату, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша бірлескен шешімдер әзірлеудің маңыздылығы айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ екі мемлекеттің құқық қорғау органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар сапар аясында Академия ректоры Нұрғалым Әбдіров Қызылорда облысы прокуратурасының жас қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігі, қызметтік әдепті сақтау, біліктілікті арттыру және қазіргі заманның сын-қатерлеріне дайындық мәселелері талқыланды.
Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон: +7 (778) 555-25-15
Email: 7340114@prokuror.gov.kz




