Практикаға бағдарланған ғылым: Құқық қорғау органдары академиясында докторлық диссертациялар сәтті қорғалды

2026 жылғы 3 және 4 шілде күндері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында докторанттар Бауыржан Туреханович Уразалиннің, Марат Еркенович Аширбековтың және Гульнар Файзоллаевна Кайырбекованың докторлық диссертациялары сәтті қорғалды.

Диссертацияларды қорғау 2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамалық өзгерістердің күшіне енуіне байланысты мемлекеттің конституциялық-құқықтық жүйесінің жаңа даму кезеңінің басталуымен сәйкес келді. Бұл заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми зерттеулердің ерекше маңыздылығын айқындайды.

Ғылыми іс-шараға қатысу, оны ғылыми сүйемелдеу және диссертацияларға рецензия беру жұмыстарына ғалымдар, Сот әкімшілігінің, Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, сондай-ақ басқа да ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар ұсынылған зерттеулерге жоғары деңгейдегі сараптамалық бағалау беріп, олардың құқықтық жүйені одан әрі дамыту үшін өзектілігі мен сұранысқа ие екендігін атап өтті.

Қорғауға ұсынылған диссертациялық зерттеулер заң ғылымы мен құқық қорғау жүйесін дамытудың маңызды бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде сотталғандарды ұстауды техникалық-криминалистикалық қамтамасыз ету, жерді өз бетінше басып алуға және оны заңсыз сатуға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қаржылық және инвестициялық пирамидалар қызметіне қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру мәселелері қарастырылған.

Қорғалған диссертациялардың тақырыптары Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасын іске асыру аясында ерекше маңызға ие. Бұл тұжырымдама заңдылықты нығайтуға, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға, әділеттілік пен жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ заманауи құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Осындай зерттеулер мемлекеттік реформаларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеудің және құқық қорғау жүйесі үшін практикалық шешімдер әзірлеудің маңызды құралы болып табылады.

Аталған диссертациялардың ерекше құндылығы олардың айқын практикалық бағдарлануында. Зерттеу нәтижелері теориялық ережелерді дамытумен ғана шектелмей, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың алдында тұрған нақты міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл ғылыми нәтижелерді мемлекеттік басқару тәжірибесінде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда, азаматтардың құқықтарын қорғауда және заңдылықты нығайтуда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Академия ұжымы ізденушілерді докторлық диссертацияларын сәтті қорғауымен, академиялық дәрежелерді беруімен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта жаңа ғылыми жетістіктерге жетулеріне, тың зерттеу жобаларын жүзеге асыруларына, кәсіби тұрғыдан өсіп-өркендеулеріне және халық пен мемлекет игілігі жолындағы жемісті қызметтеріне табыс тілейді.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz