Құқық қорғау органдары академиясында Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті

2026 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында 2026 жылы қабылданатын магистратура мен докторантура білім алушыларына арналған білім беру бағдарламалары, жұмыс оқу жоспарлары, академиялық күнтізбелер, сондай-ақ түсу емтихандарының бағдарламалары қаралды және мақұлданды.

Білім беру бағдарламалары Мемлекет басшысының қойған міндеттері мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмаларын ескере отырып өзектендірілді. Олардың мазмұны заңдылықты, құқықтық тәртіпті тиімді қамтамасыз ете алатын және қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы тұра алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.

Оқу процесіне «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, дербес деректерді қорғауға, құқық қорғау қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдануға, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби коммуникативтік құзыреттіліктерін дамытуға арналған жаңа пәндер енгізілді.

Білім беру процестерін цифрландыруға ерекше назар аударылды. Биыл Академия магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға қабылдау процесін толық цифрландырды. Қабылдау емтихандары алғаш рет өзінің Open Academy цифрлық платформасын пайдалана отырып өткізіледі, бұл қабылдау науқанының ашықтығын, үміткерлердің білімін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге және емтихан процесін ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Ғылыми кеңес Академияның профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми еңбектерін жариялауға ұсынды. Академияның репозиторийіне орналастырылғаннан кейін ғылыми жұмыстар ғылыми қоғамдастыққа және құқық қорғау органдарының практикалық қызметкерлеріне қол жетімді болады.

Отырыста қабылданған шешімдер кадрларды даярлау сапасын одан әрі арттыруға, Академияның ғылыми әлеуетін дамытуға және заманауи цифрлық технологиялар негізінде ведомстволық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Құқық қорғау органдары
академиясының баспасөз қызметі
Телефон:
+7 (778) 555-25-15
Email:
7340114@prokuror.gov.kz