Құқық қорғау органдарының ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында Астана қаласы прокуратурасында оқу-практикалық кабинет пен «ProLab» өңірлік базалық зертханасының ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров пен Астана қаласы прокурорының міндетін атқарушы Ерлан Өтеуов қатысты.
«ProLab» оқу-практикалық кабинеттері мен өңірлік базалық зертханалары желісін құру Құқық қорғау органдары академиясының бастамасымен жүзеге асырылуда. Жоба ғылым мен практиканың өзара байланысын нығайтуға, құқық қорғау органдары қызметін ғылыми сүйемелдеуді дамытуға және ведомстволық білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
«ProLab» өңірлік базалық зертханасы құқық қолдану және прокурорлық қызмет саласындағы өзекті мәселелерді зерттеуге, сондай-ақ оларды шешу бойынша ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге арналған ғылыми-практикалық алаң ретінде құрылуда.
Жаңа алаңның негізгі міндеті – прокуратура органдары қызметінде туындайтын мәселелерді зерделеу, қолданбалы зерттеулер жүргізу және құқық қолдану тәжірибесінің өзекті бағыттары бойынша практикалық шешімдер әзірлеу. Зертхана қызметі прокуратура органдарының нақты қажеттіліктеріне бағдарланып, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Зертхана прокуратура қызметкерлерінің, ғалымдардың, сарапшылардың, сондай-ақ Академияның магистранттары мен докторанттарының өзара іс-қимыл жасайтын бірыңғай алаңына айналады. Мұндай ынтымақтастық құқық қолдану тәжірибесіндегі проблемаларды жедел анықтауға және оларды ғылыми тәсілдер негізінде тиімді шешу тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ашылу аясында Астана қаласы прокуратурасының жеке құрамына алғашқы дәріс өткізілді. Онда құқық қорғау органдары қызметінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану және қазіргі жағдайдағы «Заң мен Тәртіп» идеологиясын практикалық іске асыру мәселелері қарастырылды.
Оқу-практикалық кабинет пен «ProLab» өңірлік базалық зертханасының ашылуы Құқық қорғау органдары академиясының құқық қорғау қызметін ғылыми сүйемелдеу, құқық қолдану тәжірибесіне инновациялық тәсілдерді енгізу және құқық қорғау жүйесінің нақты міндеттерін шешуге бағдарланған жаңа буын мамандарын даярлау жөніндегі бастамаларын іске асырудағы кезекті маңызды қадам болды.





